Сенім телефоны
email: sosh7@goo.edu.kz
Мекенжайы: 140000 Павлодар қ, Жеңіс алаңы көшесі, 13
Қабылдау бөлмесі:62-45-15 Бухгалтер:62-33-30
Білім бөлімінің басты бетіне қайту
Азаматтарды жеке қабылдау кестесі:
Директордың жеке сұрақтар бойынша қабылдау күндері: Сейсенбі - сағ: 14.00-16.00 Жұма - сағ: 14.00-16.00
Интересно ли учиться в нашей школе?
Голосовать
да - 24
нет - 11
незнаю - 7
Всего проголосовало: 42
Смотреть результат
За год
За месяц
За неделю
Вчера
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БАСТАУЫШ, НЕГІЗГІ ОРТА ЖӘНЕ ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРУДІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЖАЛПЫҒА МІНДЕТТІ СТАНДАРТЫ

Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы

Үкіметінің

2012 жылғы 23 тамыздағы

№ 1080 қаулысымен

бекітілген

«Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 24) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған: 1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты; 2) орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты; 3) техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты; 4) орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты; 5) жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты; 6) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бекітілсін. 2. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2013 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы

Үкіметінің

2012 жылғы 23 тамыздағы

№ 1080 қаулысымен

бекітілген

Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты

1. Жалпы ережелер   1. Осы орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – стандарт) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 56-бабына сәйкес әзірленген. 2. Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдары білім беруді: 1) осы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына; 2) үлгілік оқу жоспарларына; 3) Қазақстан Республикасының орта білім беру саласындағы уәкілетті органы белгілеген тәртіппен бекітілген басқа да нормативтік құжаттарға сәйкес жүзеге асырады. 3. Орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты: 1) орта білімнің базалық (міндетті) мазмұнының жалпы нормаларын, құрылымы мен құрамын анықтайды; 2) білім алушылардың оқу жүктемесінің көлемін, білім беру процесін ұйымдастыру жағдайларын, білімді бақылау мен бағалау жүйесін регламенттейді; 3) жалпы орта білім беретін ұйымдарда білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптарды белгілейді; 4) білім беру процесін жүзеге асыру жағдайларына: мемлекеттік бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, жалпы орта білім беретін ұйымдардың материалдық-техникалық базасын және білім алушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды нормативтік қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды белгілейді. 4. Орта білім беру стандартында Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес терминдер, анықтамалар мен қысқартулар пайдаланылады. Оларға қосымша мынадай терминдер және олардың анықтамалары енгізілді: 1) Білімнің базалық мазмұны — жалпы орта білім беретін ұйымдардың меншік нысанына, типі мен түріне қарамастан, меңгеруге міндетті, орта білім берудің келесі деңгейлерінде оқуды жалғастыруға жеткілікті болатын білім мазмұнының құрамы мен көлемі; 2) Үлгілік оқу жоспарының инварианттық компоненті – орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына енгізілген және жалпы орта білім беретін ұйымдарда оқытылатын міндетті пәндер жиынтығы. 3) Үлгілік оқу жоспарының вариативтік компоненті – білім алушылардың білімге деген қажеттілігі мен бейімділігін ескере отырып, жалпы орта білім беретін ұйымдар анықтайтын оқу пәндері мен курстардың жиынтығы. 4) Оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі – үлгілік оқу жоспарының инварианттық және вариативтік (мектеп және оқушы) компоненттеріндегі оқу пәндерінің мазмұнын меңгеру үшін қажетті және білім беру деңгейлері мен оқу жылы бойынша белгіленген оқу уақытының көлемі. 5) Үлгілік оқу жоспары – орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының құрамдас бөлігі болып табылатын, оқу пәндерінің тізбесі мен көлемін регламенттейтін, оқу жүктемесінің инварианттық және вариативтік компоненттерін белгілейтін және бастауыш, негізгі орта білім беру деңгейлерінде оқыту тілін, жалпы орта білім беру деңгейінде оқыту тілі мен бағытын сипаттайтын нормативтік құқықтық акт; білім беру ұйымдарының қызметін қаржыландыру үшін негізгі құжат болып табылады. 6) Оқу жұмыс жоспары – білім алушылардың білім алу мүдделерін ескере отырып, үлгілік оқу жоспары негізінде жалпы орта білім беретін ұйымдар әзірлейтін құжат. 7) Міндетті оқу бағдарламасы – үлгілік оқу жоспарының инварианттық компонентіне енетін әрбір оқу пәні бойынша білім, шеберлік және дағды мазмұны мен көлемін анықтайтын құжат. 8) Вариативтік оқу бағдарламасы – үлгілік оқу жоспарының вариативтік компонентіне енетін әрбір оқу курсы бойынша білім, шеберлік және дағды мазмұны мен көлемін анықтайтын құжат. 9) Білім алушының дайындық деңгейі – тұлғалық, жүйелік-әрекеттік және пәндік нәтижелерінен көрінетін білім алушылардың орта білім мазмұнын меңгеру деңгейі. 10) Білім мазмұнын меңгерудің базалық деңгейі – білім алушылардың білім, шеберлік және дағдының міндетті көлемін меңгеру деңгейі. 11) Білім мазмұнын меңгерудің жетік деңгейі – білім алушылардың білім, шеберлік және дағдының кеңейтілген және тереңдетілген көлемін меңгеру деңгейі. 12) Білім алушының портфолиосы – білім алушының білім алудағы жеке жетістіктері мен оқу, шығармашылық, спорттық, әлеуметтік, коммуникативтік әрекеттерде қол жеткізген түрлі көрсеткіштерінің жиыны. 13) Қамқоршылар кеңесі – жалпы орта білім беретін ұйымның алқалық басқару нысаны болып табылатын сайланбалы орган. 5. Орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты білім берудің жалпы нормалары мен мазмұнын қамтиды және тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін көздейді. 6. Осы стандарт: 1) міндетті және вариативтік оқу бағдарламаларын, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін әзірлеу, сондай-ақ олардың сапасын сараптау үшін; 2) орта білім беру деңгейлері арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету үшін; 3) жалпы білім беретін ұйымдарда білім беру процесін жүзеге асыру үшін; 4) педагогтің, жалпы білім беретін ұйымның іс-әрекет нәтижесін анықтаудың бағалау жүйесін әзірлеу үшін және білім алушылардың дайындық деңгейін айқындау мен оларды қорытынды аттестаттаудың бақылау-өлшеуіш материалдарын дайындау үшін; 5) педагогикалық кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру бойынша бағдарламаларды даярлау үшін негіз болып табылады. 2. Білім мазмұнына қойылатын талаптар   7. Бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыруға, оның жеке қабілеттерін, оқу ісіндегі оң мотивациясы мен іскерлігін: негізгі мектептің білім беру бағдарламаларын кейіннен меңгеру үшін оқудың, жазудың, есептеудің, тілдік қатынастың, шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетудің, мінез-құлық мәдениетінің берік дағдыларын дамытуға бағытталған. 8. Бастауыш білім беру баланың жеке тұлға ретінде адамгершілік қасиеттерінің, оның қоршаған ортаға эмоционалдық-құндылық қатынасының, оқу процесіне оң мотивациясының қалыптасуын және таным әрекетіндегі жеке қабілеттері мен шеберліктерінің дамуын қамтамасыз етеді. 9. Бастауыш білім мазмұнын жеті білім саласы құрайды: «Тіл және әдебиет», «Математика», «Жаратылыстану», «Адам және қоғам», «Өнер», «Технология», «Дене шынықтыру». 10. Негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың ғылым жүйесінің базалық негіздерін меңгеруге, олардың бойында тұлғааралық және этносаралық қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға, жеке тұлға ретінде өзін-өзі билеуіне және кәсіптік бағдарлануына бағытталады. 11. Негізгі орта білім білім алушының базистік ғылым негіздерін меңгеруін, жоғары рухани-адамгершілік және тұлғааралық, этносаралық қарым-қатынас мәдениетінің қалыптасуын, тұлғаның өмірде өз орнын табуын және өзін-өзі билеуін, функционалдық сауаттылығының қалыптасуын, бейіналды дайындықтың іске асырылуын қамтамасыз етеді. 12. Негізгі орта білім мазмұнын жеті білім саласы құрайды: «Тіл және әдебиет», «Математика және информатика», «Жаратылыстану», «Адам және қоғам», «Өнер», «Технология», «Дене шынықтыру». 13. Жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша бейіндік оқытуды енгізе отырып, саралау, кіріктіру және білім беру мазмұнын кәсіптік бағдарлау негізінде әзірленеді. 14. Жалпы орта білім білім алушының табиғат, қоғам және адам туралы біртұтас, аяқталған білім жүйесін меңгеруін, функционалдық сауаттылығының дамуын, тұлғаның интеллектуалдық, рухани-адамгершілік және физикалық дамуын, білім мазмұнын саралау, кіріктіру және бейіндеу негізінде болашақ мамандығының бағытын таңдау жағдайын қамтамасыз етеді. 15. Жалпы орта білім мазмұнын алты білім саласы құрайды: «Тіл және әдебиет», «Математика және информатика», «Адам және қоғам», «Жаратылыстану», «Технология», «Дене шынықтыру». 16. Әрбір білім саласы ұқсас оқу пәндерін қамтиды. 17. «Тіл және әдебиет» білім саласына енетін пәндер: «Сауат ашу (оқу, жазу)», «Әдебиеттік оқу», «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» (қазақ тілінде жалпы білім беретін ұйымдар үшін, оқыту тілі қазақ тілінде емес жалпы білім беретін ұйымдар үшін), «Орыс тілі», «Орыс әдебиеті» (орыс тілінде жалпы білім беретін ұйымдар үшін), «Орыс тілі», «Орыс әдебиеті» (қазақ тілді және басқа да орыс тілді емес жалпы білім беретін ұйымдар үшін), «Шетел тілі». 18. Қазақстан аумағында тұратын этностың тілінде оқытатын жалпы білім беретін ұйымдарда «Тіл және әдебиет» білім саласына осы этностың «Ана тілі мен әдебиеті» қосымша енеді. Нақты этностың шоғырланып орналасқан жерлерінде олардың тілін оқыту мәселесін шешу білім саласындағы жергілікті атқару органдары құзырына беріледі. «Ана тілі» («Ұйғыр тілі», «Өзбек тілі», «Тәжік тілі») мен «Әдебиет» («Ұйғыр әдебиеті», «Өзбек әдебиеті», «Тәжік әдебиеті») пәндері үлгілік оқу жоспарының инварианттық компонентіне енеді. 19. «Математика және информатика» білім саласына енетін пәндер: «Математика», «Алгебра», «Алгебра және анализ бастамалары», «Геометрия», «Информатика». 20. «Жаратылыстану» білім саласына енетін пәндер: «Дүниетану», «Жаратылыстану», «География», «Биология», «Физика», «Химия». 21. «Адам және қоғам» білім саласына енетін пәндер: «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы», «Адам. Қоғам. Құқық», «Өзін-өзі тану». 22. «Өнер» білім саласына енетін пәндер: «Музыка», «Бейнелеу өнері». 23. «Технология» білім саласына енетін пәндер: «Еңбекке баулу», «Сызу», «Технология». 24. «Дене шынықтыру» білім саласына енетін пәндер: «Дене шынықтыру», «Алғашқы әскери дайындық». 25. «Өмір қауіпсіздігінің негіздері» оқу курсының мазмұны 1-4-сыныптарда дүниетану оқу курсының аясында: 1-3-сыныптарда жылдық оқу жүктемесі 6 сағаттан, 4-сыныпта 10 сағаттан бастауыш сынып мұғалімінің оқытуымен іске асырылады; 5-9-сыныптарда дене шынықтыру оқу курсының аясында 15 сағаттық жылдық оқу жүктемесімен дене шынықтыру мұғалімінің оқытуымен іске асырылады; 10-11-сыныптарда алғашқы әскери дайындық оқу курсының аясында 25 сағаттық жылдық оқу жүктемесімен алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушыларының оқытуымен іске асырылады. Өмір қауіпсіздігінің негіздерін оқыту сабақтары міндетті болып табылады және оқыту уақытында жүргізіледі. 26. «Жолда жүру ережелері» оқу курсының мазмұны 1-4-сыныптарда мынадай оқу курстарының аясында іске асырылады: ана тілі, музыка, бейнелеу өнері, технология; 5-8-сыныптарда сабақтан тыс мерзімде, сынып сағаттары мен факультативтер есебінен іске асырылады. 27. Стандартта ұсынылған орта білімнің базалық мазмұны: 1) Қазақстан Республикасындағы білім беру кеңістігінің біртұтастығын, орта білім беру деңгейлері және білім салалары бойынша орта білім мазмұнының жүйелілігін, сабақтастығын және үздіксіздігін; 2) барлық білім алушылар үшін білімнің тең мүмкіндігі мен тең қолжетімділігін; 3) жалпы орта білім беретін ұйымдардың типіне, оқыту нысанына және түріне қарамастан, орта білім мазмұнының бірыңғай талаптарын сақтауды қамтамасыз етеді. 28. Орта білім мазмұнының инварианттық компоненті типтік оқу жоспарларында, ал вариативтік компоненті оқу жұмыс жоспарларында жүзеге асырылады. 29. Орта білімнің іргелілігін сақтау және орта білімнің базалық мазмұнына қойылатын мемлекеттік талаптарды орындау мақсатында инварианттық компонент жалпы сағат көлемінен бастауыш білім деңгейінде 90%-дан, негізгі орта білім деңгейінде 85%-дан, жалпы орта білім деңгейінде 75%-дан төмен болмайтын мөлшерде белгіленеді. 30. Міндетті оқу бағдарламалары орта білімнің базалық мазмұнын іске асырады және орта білім беру деңгейлеріне сәйкес білім алушылардың дайындығына қойылатын талаптарды анықтайды. Вариативті оқу бағдарламалары вариативті компонентке кіретін оқу пәндері мен курстарының мазмұнын іске асырады. 31. Жалпы орта білім екі қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану-математика бағыттары бойынша бейінді оқыту негізінде жүзеге асырылады. Саралап оқыту және білім алушылардың танымдық қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында оқытудың осы екі бағыты аясында жекелеген пәндерді тереңдетіп оқытуға арналған үлгілік оқу жоспарына (бұдан әрі — ҮОЖ) сәйкес аралас (ұқсас) пәндер бойынша бейіндендіру енгізіледі. 32. Барлық ҮОЖ-да инварианттық компоненттің оқу пәндері өзгермейді, бұл жалпы білім беретін ұйымдардың барлық типтері мен түрлері үшін орта білімнің базалық мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптарды қамтамасыз етеді. 33. Негізгі орта білім мен техникалық және кәсіптік білім мазмұндарының сабақтастығы жекелеген және аралас пәндерді, оның ішінде технологиялық бағыттағы пәндерді тереңдетіп оқыту арқылы бейіналды оқыту аясында іске асырылады. Жалпы орта білім мен жоғары білім беру мазмұндарының сабақтастығы жекелеген және аралас пәндерді тереңдетіп оқыту арқылы бейінді оқыту аясында іске асырылады. 34. Білім алушылардың негізгі орта білім деңгейінде бейіналды оқытудың, жалпы орта білім деңгейінде бейіндік оқытудың бағыттарын таңдауы олардың ата-аналары мен қамқоршылар кеңесінің қатысуымен жүргізіледі. 3. Білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар   35. 1-сыныптағы оқу жылының ұзақтығы 33 оқу аптасын, 2-11 сыныптарда 34 оқу аптасын құрайды. 36. Білім алушылардың апталық оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі сыныптағы және сыныптан тыс (факультативті, жеке және үйірме сабақтары) оқу жұмыстарының барлық түрлерін қоса алғанда, 1-сыныпта – 24 сағаттан, 2-сыныпта – 25 сағаттан, 3-сыныпта – 29 сағаттан, 4-сыныпта – 29 сағаттан, 5-сыныпта – 32 сағаттан, 6-сыныпта – 33 сағаттан, 7-сыныпта – 34 сағаттан, 8-сыныпта – 36 сағаттан, 9-сыныпта – 38 сағаттан, 10-сыныпта – 39 сағаттан, 11-сыныпта – 39 сағаттан аспауы тиіс. 37. Оқу жылында 1-11 сыныптардағы каникул күндері кемінде 30 күнді құрайды. Оқу жылы ішінде 3 рет каникул беріледі: күзде, қыста және көктемде. 1-сынып оқушылары үшін үшінші тоқсанда 1 апта қосымша демалыс беріледі. Каникулдың нақты мерзімін Қазақстан Республикасы білім саласының уәкілетті органы белгілейді. 38. Үлгілік және оқу жұмыс жоспарларында пәнді меңгеруге бөлінетін оқу уақыты тиісті міндетті және вариативтік оқу бағдарламаларының құрылымы мен мазмұнын әзірлеу кезінде ескеріледі. 39. Инварианттық және вариативтік компоненттерді құрайтын пәндер бойынша білім алушылардың оқу жүктемелерінің жалпы көлемі ҮОЖ-да белгіленеді. 40. Білім алушылардың пәндер бойынша міндетті оқу жүктемесінің көлемі оқытудың бағыты ескеріліп, ҮОЖ-да белгіленеді. 41. Білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі олардың қажеттіліктері ескеріліп, жалпы білім беретін ұйымдардың оқу жұмыс жоспарында белгіленеді. 4. Білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар   42. Білім алушылардың дайындық деңгейі үш аспект бойынша бағаланады: 1) тұлғалық нәтижелер; 2) жүйелік-әрекеттік нәтижелер; 3) пәндік нәтижелер. 43. Тұлғалық нәтижелер: 1) Қазақстан Республикасы Конституциясына, тәртіп сақтау ережелері мен заңдарына құрмет көрсетуінен; 2) белсенді азаматтық ұстанымын, жоғары патриоттық сезімін көрсете білуінен, өз Отанына қызмет етуге және оның мүддесін қорғауға дайын болуынан; 3) мемлекеттік тілді және өз ана тілін білуінен, қазақ халқының және Қазақстан аумағында өмір сүріп жатқан басқа да ұлыстардың тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне және басқа құндылықтарына құрметпен қарауынан; 4) өз елінің, туған өлкесінің табиғатын сақтауға және көркейтуге ұмтылуынан, қоршаған ортаны қорғауда белсенділік танытуынан; 5) салауатты өмір салтын ұстануынан, өз қауіпсіздігі мен айналасындағы адамдардың қауіпсіздігін сақтауға үйренуінен; 6) адамдармен қарым-қатынаста жоғары мәдениеттілік танытуынан, этикалық нормаларды сақтай білуінен; 7) өздігінен білім алуға, өмірден өз орнын табуға және жасампаз еңбекке ынта-ықыласы мен қабілеттілігінен; 8) үлкендерге құрметпен, кішілерге қамқорлықпен қарап, айналасына мейірімді, кішіпейілді бола білуінен; 9) әлеуметтік ортаның ерекшеліктерін дұрыс бағалай алуынан, қоғамға жат құбылыстарға, идеологиялық, діни ағымдарға және заңды бұзушылық әрекетке қарсы тұра білуінен көрініс табады. 44. Тұлғалық нәтижелер білім алушының тәрбиелілігі, әлеуметтенуі, рухани-адамгершілік, шығармашылық және дене дамуы деңгейінің психологиялық-педагогикалық мониторингісі түрінде бағаланып, оның портфолиосына жинақталады. 45. Жүйелік-әрекеттік нәтижелер: 1) адамзат қоғамының өркендеуі үшін ғылыми жетістіктерді пайдалану аясы мен ғылым негіздері бойынша жүйелі білімін меңгеруінен; 2) ғылыми ақпаратты талдай, өңдей, жинақтай және қолдана білуінен; 3) таным, жобалау, құрастыру, зерттеу және шығармашылықпен қолдану әдістерін меңгеруінен; 4) заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгеруінен; 5) жоғары деңгейдегі коммуникативтік қабілеттілігі мен көптілді мәдениеттілігінен көрініс табады. 46. Жүйелік-әрекеттік нәтижелер білім алушының пәндік олимпиадалар, таңдау курстары, шығармашылық оқу жобалары, сондай-ақ зерттеу жұмыстарының басқа да түрлері бойынша қол жеткізген жетістіктерімен анықталады, оның портфолиосына жинақталады. 47. Пәндік нәтижелер білім алушылардың білімнің базалық мазмұнын меңгеруі барысында білімдік және іс-әрекеттік дайындығынан көрінеді. 48. Пәндік нәтижелер 1-4 сыныптарда базалық деңгейде, кейінгі сыныптарда үш деңгейде: базалық (міндетті) деңгейде, жетік мүмкіндік деңгейінде (5-11 сыныптарда – белгілі бір пәнді таңдау кезінде 1 сағат көлемінде вариативтік компонентті игеру үшін) және жетік бейіналды деңгейде 8-9 сыныптарда/жетік бейіндік деңгейде 10-11 сыныптарда (жалпы орта білім беретін ұйымдардың таңдауы бойынша пәндерді тереңдетіп оқытуға арналған үлгілік оқу жоспарларының нұсқаларын игеру үшін) белгіленеді. 49. Білім алушылардың оқу пәндерін игеруінің базалық деңгейі білімнің міндетті төменгі шекті көлемі мен олардың шеберлігі мен дағдыларын қамтиды. 50. Оқу пәндерін меңгертудің жетік (жетік мүмкіндік және жетік бейіналды/жетік бейіндік) деңгейлері білім алушылардың білімінің кеңейтілген және тереңдетілген көлемін, олардың шеберлігі мен дағдыларын қамтиды. Оқу пәндерін меңгертудің мүмкін деңгейі 5-11 сыныптар үшін вариативтік оқу бағдарламасы негізінде жалпы білім беретін ұйымдардың таңдауы бойынша жүзеге асырылады. Оқу пәндерін меңгертудің жетік бейіналды (8-9 сыныптар) және бейіндік (10-11 сыныптар) деңгейлері тереңдетіп оқытуға арналған үлгілік оқу бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады. 51. Орта білім берудің барлық деңгейлерінде білім алушылардың базалық (міндетті) деңгейді меңгеруін және оқу жүктемесінің көлемін білім саласындағы уәкілетті орган бақылайды. 52. Жалпы орта білім беретін ұйым ұсынатын білім мазмұнын (тереңдетілген, кеңейтілген) меңгеруін жергілікті білім беру органдары бақылайды. 53. Орта білім мазмұнын меңгерудің пәндік нәтижелері бес балдық бағалау жүйесімен бағаланады. 54. Бақылау нысандары ауызша, жазбаша және шығармашылық емтихандар, тест тапсырмаларының ашық және жабық нысандары, бақылау жұмыстары, ауызша сұрақ-жауап, әңгімелесу түрінде болуы мүмкін. 5. Білім беру процесін ұйымдастыру жағдайларына қойылатын талаптар   55. Жалпы орта білім беретін ұйымдарды қаржылық қамтамасыз ету: 1) жалпыға қолжетімді кепілді ақысыз орта білім беру үшін; 2) жалпы орта білім беретін ұйымдарда қажетті материалдық-техникалық база құру үшін; 3) білім алушылардың өмірінің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге жағдай жасау үшін жеткілікті болуы тиіс. 56. Білім алушылардың денсаулығын нығайту және олардың қозғалыс белсенділігін жетілдіру мақсатында сыныптан тыс жұмыс нысанындағы спорт секцияларының сабақтарын ұйымдастыруды жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етеді. 57. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында қызмет ететін қызметкерлерге еңбекақы «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 52-бабында белгіленген тәртіп бойынша төленеді. 58. Денсаулығына байланысты ұзақ уақыт бойы жалпы орта білім беретін ұйымда оқи алмайтын оқушылар үшін үйінде немесе емделу орындарында ақысыз жеке оқыту қамтамасыз етіледі. 59. Даму мүмкіндігі шектеулі білім алушылардың білім алуы, даму бұзушылықтарының түзетілуі және әлеуметтік бейімделуі үшін жағдай жасалады. 60. Жалпы орта білім беретін ұйымдар санитарлық-гигиеналық ережелер мен нормаларға сай келетін материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілуі тиіс. 61. Жалпы орта білім беретін ұйымдардың материалдық-техникалық базасына: 1) сабақ өткізуге, сыныптан тыс іс-шараларға, демалуға, тамақтануға, медициналық қызмет көрсетуге, спортпен шұғылдануға, мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастыруға және оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға қауіпсіз және жайлы жағдайды қамтамасыз ететін және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келетін тиісті инфрақұрылымы бар ғимарат; 2) заманауи құралдармен жабдықталған (байланыс және коммуникация құралдары, желілік өзара байланыс, кеңжолақты интернет, мультимедиялық кабинеттер, интерактивті тақта, аудио-бейне техникалар, цехтар, шеберханалар) оқыту пән кабинеттері; 3) оқу бөлмелеріндегі қажетті жарық және жылу жабдықтары, киім шешетін орындар, санитарлық-гигиеналық талаптарға сай жасалған тазалық бөлмелері; 4) мүмкіндіктері шектеулі білім алушылар үшін ғимарат ішінде арнайы жасақталған жағдайлар; 5) мектеп-интернат жағдайында білім алушылардың тұруы, тамақтануы және демалуы үшін салынған ғимарат, мектеп жанындағы телім енеді. 62. Жергілікті атқарушы органдар және жалпы білім беретін ұйымдар білім алушылардың өмір қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау үшін: 1) салауатты өмір салтын насихаттау; 2) әлеуметтік және психологиялық қызметті күшейту; 3) ғимаратты күзетуді қамтамасыз ету; 4) жергілікті тұрғындар мен ата-аналар қауымдастығы арасында тығыз байланыс орнату; 5) білім алушылардың бейресми ортасын зерделеу; 6) алдын алу іс-шараларын (әлеуметтік сұрақ-жауап, психологиялық қолдау, құқық қорғау және медицина мекемелері қызметкерлерімен кездесулер) өткізу; 7) профилактикалық медициналық тексеруді уақытылы ұйымдастыру; 8) техника қауіпсіздігін, өрттің алдын алу ережелерін сақтау; 9) үй-жайларындағы жарық пен әуелік жылу режимін сақтау; 10) компьютерлік техникамен жұмыс істеу тәртібін сақтау; 11) жолда жүру қауіпсіздігі ережелерін сақтауды насихаттау; 12) балаларды тасымалдауда техника қауіпсіздігін сақтау жолдары арқылы жағдай жасайды. 63. Жалпы орта білім беретін, оның ішінде жеке меншік ұйымдарда білім беру процесі ҮОЖ негізінде дайындалатын оқу жұмыс жоспары аясында жүзеге асырылады және білім саласындағы жергілікті атқарушы органдармен келісіліп, жалпы орта білім беретін ұйымдардың өзінде бекітіледі. 64. Жалпы орта білім беретін республикалық мамандандырылған мектеп-интернаттардың білім беру процесі ҮОЖ негізінде дайындалатын оқу жұмыс жоспары шеңберінде жүзеге асырылады және Қазақстан Республикасының білім саласындағы уәкілетті органымен бекітіледі. 65. Қалалық жалпы орта білім беретін ұйымдарда сынып толымдылығы 24-ке жеткенде немесе одан асқанда, ауылдық жерлерде – 20-ға жеткен кезде немесе одан асқанда шағын жинақты мектептерде – білім алушылар 10-нан кем болмаған жағдайда: 1) оқыту қазақ тілді емес 1-11 сыныптардағы қазақ тілі; 2) оқыту қазақ тілді емес 5-11 сыныптардағы қазақ әдебиеті; 3) оқыту қазақ, ұйғыр, тәжік және өзбек тілдерінде жүретін 3-11 сыныптардағы орыс тілі; 4) 1-11 сыныптардағы шетел тілі; 5) 5-11 сыныптардағы информатика; 6) бейінді пәндер; 7) 5-11 сыныптардағы технология (сынып толымдылығына қарамастан ұл және қыз балалар топтары); 8) 5-11 сыныптардағы дене шынықтыру сабақтарын өткізуде сыныпты екі топқа бөліп оқыту жүзеге асырылады. 66. Сыныпта мүмкіндігі шектеулі балалар болған жағдайда сыныпты топтарға бөлу осындай әр балаға барлық оқушының санын үшке кеміту есебінен жүзеге асырылады. 67. Үлгілік оқу жоспарының оқушы компонентіндегі оқу жүктемесі көлемінде қоғамдық пайдалы еңбекті ұйымдастыру, еңбек тәжірибесін өткізу қамқоршылық кеңестің немесе ата-аналар комитетінің қатысуымен жүзеге асырылады.