Сенім телефоны
email: yasli-sad35@mail.ru
Мекенжайы: Сормов көш., 5/2
55-64-74, 65-13-05, 55-59-42
Білім бөлімінің басты бетіне қайту
Азаматтарды жеке қабылдау кестесі:
09-00ден 18-00 дейін
За год
За месяц
За неделю
Вчера
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМДАРДЫҢ БІЛІМ БЕРУ ҮДЕРІСІНЕ «Мәңгілік Ел» ПАТРИОТТЫҚ АКТІСІН ЕНГІЗУГЕ ӘДІСТЕМЕЛІК НҰСҚАУЛЫҚ

ҚазақстанРеспубликасы Білім және ғылым министрлігінің

«Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы базасында әзірленген

Мектепке дейінгі ұйымдардың білім беру үдерісіне «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін енгізуге әдістемелік нұсқаулық – Астана: 2016. 27 – бет.

Әдістемелік нұсқаулық мектепке дейінгі ұйымдардың қызметіне «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін енгізу бойынша біріңғай талаптар мен мен практикалық ұсынымдарды қамтамасыз етуге және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын көтеруге, педагогтардың кәсіби шеберліктерін арттыруға бағытталған.

Мектепке дейінгі білім беру саласындағы педагог қауымға және колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне ұсынылады.

КІРІСПЕ

Қай ел, қай қоғамда болсын адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән берген. Өркениет жолында алға ұмтылған ұлт, ең алдымен, келешек ұрпаққа оқу-білім және өнегелі тәрбие беру ісін дұрыс жолға қоюы тиіс.

Патриоттық сезім жалпы адам баласының елін, жерін, өз тілі мен мәдениетін, тарихи ұлттық құндылықтарын қастерлейтін, батырларын үлгі тұтатын, елінің болашағына сеніммен қарап, өзіндік бағасын түйсінуін, қуаттап қолдауын пайымдайтын көрсеткіші болып табылады.

«Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін жүзеге асыратын жастар болғандықтан оларды сәби кезінен бастап ең алдымен білімді, ұлттық құндылықтар мен заманауи игіліктерді өз бойына біріктіріп, ұштастыра білетін, өз елінің нағыз жанашыр азаматтары ретінде қалыптасуға тәрбиелеу біздің міндетіміз.

Адамгершілік тұрғыдағы құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай тұлғаны қалыптастыру оның сәби кезінен бастау алатыны белгілі. Халықта «Ағаш түзу, әдемі болып өсу үшін оны көшет кезінде баптау керек, ал қисық ағаш болып өскенде оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық яғни адамгершілік сынды қасиеттерді саналарына сіңіріп, жаһандану заманында өз елін қорғайтын, үлкенді сыйлайтын «Мәңгілік Ел» ұрпағын тәрбиелеуде отбасы мен тәрбиеші зор рөл атқарады.

Қай елдің болсын бірлігінің қалыптасуы мен өркендеуі дəстүрлі ұлттық тəрбие мен рухани құндылықтарымен сабақтасып жүзеге асатындығы белгілі. Сол себептен де бүлдіршіндердің бойына қазақи құндылықтарды дарытып, рухани бай мұрамызды бойларына сіңіре тəрбиелеу - алда тұрған басты міндеттердің бірі. Елбасымыз жариялаған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының көздегені де осы, яғни, төл дәстүрімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді жаңғырту, дініміз бен тілімізді өркендету.

Қазақстанды жарқын болашаққа жетелейтін жеткіншектеріміз халқымыздың аңсап жеткен тәуелсіздік туын жықпай, желбірете білуі тиіс. Өйткені, ата-бабаларымыздың тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық арманын, осынау ұлан байтақ жерін қорғап, осы уақытқа жеткізгені баршамызға аян. «Мәңгілік Ел» ұрпақтары сондай текті бабаларымыздың ұрпағы екендіктерін сезініп, осы «тәуелсіздік», «Мәңгілік Ел» ұғымдарын саналарына сіңіріп, қастерлеп өсуге міндетті.

Әдістемелік нұсқаулық «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісінің мазмұнына, балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес әзірленген.

Мақсаты: «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісінің негізгі құндылықтарын мектепке дейінгі білім беру жүйесінде іске асыру.

Міндеттері:

- «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісінің негізгі басты құндылықтарын анықтау;

- «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісінің негізінде тәрбиелік іс-шараларды жоспарлауды жетілдіру;

- «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісінің негізгі басты құндылықтарын іске асыруда тәрбие іс-шараларын ұйымдастыру мен өткізу арқылы мектепке дейінгі білім беру саласындағы педагог мамандарға әдістемелік көмек көрсету.

Күтілетін нәтижелер.

- өз отбасының, қаласының, Отанының тағдырына жауапкершілікпен қарайтын;

- өз Елінің жетістіктеріне мақтаныш пен патриотизмді білдіретін, Отанына адал қызмет етуге дайын тұлғаны қалыптастыруға;

- мектеп жасына дейінгі балалардың патриоттық тәрбиесі бойынша педагогтардың кәсіби құзіреттілік деңгейлерін арттыруға мүмкіндік береді.

Аталған әдістемелік-нұсқаулық «Мәңгілік Ел» ұлттық идеяның басты құндылықтарын жалпыға бірдей талаптармен және практикалық ұсынымдармен мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысына енгізуге, мектепке дейінгі білім беру сапасын көтеруге, тәрбиешілердің біліктілігін арттыруға бағытталған.

 

 «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ПАТРИОТТЫҚ АКТІСІНІҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

«Мәңгілік Ел» идеясының маңыздылығы «Халық өмірі оның келесі ұрпағымен жалғасып отырады. Сондықтан Халықтың Мәңгілігі туралы арманнан асқақ арман жоқ. Мәңгілік Ел – бұл ертеңгі күнге есік ашатын, болашаққа сенімді арттыратын идея, бұл – кері қайтпайтын және берік тұрақтылықтың символы...», - деді Елбасы Н. Назарбаев.

«Мәңгілік Ел» Патриоттық Актісі - Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңымен бекітіліп, 2016 жылғы 26 сәуірінде қабылданған алғашқы жалпыхалықтық идея.

«Мәңгілік Ел» Патриоттық Актісі –жалпыхалықтық құндылықтарды жоғары қойып, қоғамдық бірлестіктердің күш-жігерін біріктіретін, Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін өркендетіп сақтауға және дамытуға арналған бірден бір құралы болып табылады.

«Мәңгілік Ел» Патриоттық Актісінің өзегінде қарапайым, түсінікті және біздің әрқайсымыз үшін қымбат ақиқаттар – отбасымыздың амандығы, қонақжайлық және еңбексүйгіштік, тұрақтылық, қауіпсіздік және бірлік, ертеңге деген сенім ұғымдары орныққан.

Мектепке тәрбие – барлық тәрбиенің бастауы, сәбидің жеке тұлға болып қалыптасуының алғашқы баспалдағы. Алғашқы отансүйгіштік, патриоттық сезімдері отбасы мен балабақшадағы тәрбиеден бастау алады. Туғандарына, жақындарына деген махаббаты, туған өлкесіне, қаласына сүйіспеншілігі бала санасына ерекше әсер етіп, оған өмір бойы өшпестей із қалдырады.

Елімізде тұрып жатқан әр бір қазақстандық ұлтына, жасына, шығу тегіне қарамастан Актіде белгіленген жеті негізгі құндылықтарды қастерлеп, бағалау қажет.

Әрбір адамның жеке басы мен бостандығын құрметтейтін, өзіне-өзі қызмет етуге жағдайы жоқ жандарды қамқорлыққа бөлейтін, қандай еңбекті болса да бағалайтын, ана мен баланы қорғайтын, зейнеткерлерге қамқор болатын, ардагерлер мен отан қорғаушыларды ардақ тұтатын қоғам құруға тиіспіз. Бұл - Қазақстанның шынайы патриоттарының басты ісі. Сондай-ақ «Қазақстандық патриотизмді» еліміздің әрбір азаматының санасына сіңіру - кезек күттірмейтін мәселе. Ұлтына, нәсіліне, сенімі мен нанымына, саяси көзқарасы мен ұстанған бағыт-бағдарына, т.б. ерекшеліктеріне қарамастан, Республикамыздың әрбір азаматы өзі өмір сүріп, ауасын жұтып, игілігін пайдаланып отырған мемлекетін «Туған елім, Отаным» деп тануы қажет.

Мемлекетке есімін беріп отырған ұлттың салт-дәстүріне құрметпен қарау, оның тілі мен дінін сыйлау, заңдарына бағыну, рәміздерін ардақтап, жетістіктеріне шаттану - қоғамның әрбір мүшесінің басты міндеті.

Дамыған елдің адамы – нағыз патриот: өз елін, өз жерін, Отанын сүйеді, өз тілін, дәстүрін, әдебиетін,тарихын біледі, қадір тұтады.

Сондықтан Отанын сүйген нағыз патриоттарды, өз ана тілін қадірлеп, сол тілде сөйлетін, ата-бабасы жүріп өткен тарихи жолдың жеңістерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізер болашақ ұрпақ өкілдерін, елінің нағыз жанашыр азаматтары ретінде қалыптасуға тәрбиелеу педагог мамандардың жауапты міндеті болмақ.

Елбасы тәуелсіздік тізгінін берік ұстайтын, халқымыздың мақсат, мұратын жарқын болашаққа жеткізер кейінгі ұрпақтың алға қоятын негізгі қағидалары – бейбітшілік, келісім және қажырлы еңбек болу керек деп атап өтті.

«Мәңгілік Ел» Патриоттық Актісінің жарқын символы, халқымыздың мақтанышы мен жетістігі Тәуелсіздік пен Астана қаласы. Себебі Тәуелсіздік пен Астана екеуі егіз ұғым. Астана - Тәуелсіздік алғаннан бергі еліміздің өркендеп, көркеюінің, жеткен жетістіктерінің символы іспеттес.

Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ежелден аңсап жеткен арманы. Халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайсар рухының жемісі. Бүгінгі күні халқымыз өткеннен тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, әрі қарай ұрпақ санасына патриоттық сезімді енгізуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Келешек ұрпақ тәуелсіздікпен қатар «Қазақстан», елтаңба, ту, әнұран сөздерін ұғынып, жүрек тұстарына қолдарын қойып, мақтаныш сезіммен әнұранды жатқа айтады.

Астана – әлем деңгейінде айтулы шаралар өтетін қалаға (әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының съезді, экономикалық форум, Саммит ОБСЕ т.б. ЭХРО-2017), инновациялық жобалау, интеллектульды, мәдени орындарға бай, евразиялық өзіндік стилі бар, Батыс пен Шығыстың мәдениетін үйлесімді байланыстыратын рухани орталық болып өркендеуде. Астана – армандағы қаладан жетістігі мол, өркениетті қалаға айналды. Еліміздің әр кішкентай бүлдіршіні Астана қаласын біледі. Олар Бәйтеректі, Хан шатырды, Бейбітшілік және Келісім сарайын т.б. көрікті жерді мақтаныш сезіммен суретке салып, әнге қосып жырлайды.

Ересек топтарда Отанына, кең байтақ еліне, туған жерінің көркем табиғатына, күннен күнге өркендеп дамып келе жатқан Астанаға деген махабаттарын ән- жыр, өлең, бимен жеткізеді.

Адамзат тарихындағы ең асыл құндылықтар – бейбітшілік пен келісім, жалпыұлттық бірлік. Келісім, бірлік, қоғамдағы тұрақтылық қалыптасқан ел ғана бәсекеге қабілетті дамыған ел бола алады. Алтын Күн шуағын шашқан Көк байрағымыздың астында қазақ қана емес, 130-дан астам ұлыстың өкілдері береке-бірлікпен тату-тәтті өмір сүріп, ортақ үйіміздің болашағын құруда. Балабақшадағы кішкентай бүлдіршіндер бір үйдің баласындай, бір шаңырақ астында ұлтына, тіліне қарап бөлінбей-ақ достық қарым-қытынаста тәрбиеленуде. Елімізде тұрып жатқан әрбір ұлт өкілі мүкіндіктері бірдей тең құқылы, қазақстандық азамат ретінде өзінің білімін, еңбегін елінің өркендеуіне, дамуына қосатын үлесін кішкентай кездерінен ұғынып, түсіну керек.

Қазақстан халқы бірлігін нығайту мақсатында бүлдіршіндерді бірлікке тәрбиелеу, өзге ұлт өкілдерінің тілін, дінін құрметтеуге үйрету, оларды бір-бірімен достық қарым-қатынаста жұмыс істетуге, берекелі орта қалыптастыру бағыттап отырған жөн.

Басты рухани құндылық - жақыныңа деген сүйіспеншілік. Жаныңдағы адамның өмір сүру дәстүрін, әдет-ғұрпын, сезімін, пікірін, ойын сыйлау. Өскелең ұрпақты елінің дәстүрі, ғұрпын, ұлттық құндылықтарымен тәрбиелеу қай заманда болсын басты мәселе болған.

Елбасы: «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ. Бізге бабалар тұлпарларының тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы ерекше қымбат. Қазақтардың бүгінгі және болашақ буыны оны әрдайым орынды мақтан ететін болады», - деді.

Салт-дәстүрімізді қастерлеп, бабалар ерлігін, даңқты істерін үнемі насихаттау, тарихи тұлғаларға еліктеуге, хакім Абай айтқандай «болмаса да ұқсап бағуға» бағыттау, электронды құралдар арқылы көрсету, тарихи оқиғаға байланысты ойларын айтқызу, қиялын шарықтату барысында отаншылдыққа баулу мектеп жасына дейінгі тәрбиеде өзі нәтижесін берері хақ. Сондай-ақ ұлттық ойындардыңдың да тәрбиелік мәні зор. Бала ойнау арқылы қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбиенің үлгісін саналы түрде орындайды.

Патриоттық тәрбиенің түп қазығы ұлттық педагогика. Ұлттық педагогика - баланың санасына отансүйгіштік, еліне, жеріне деген махаббаты арттыру бесік жырлары, батырлық жырлар, ертегі, ұлттық ойындар арқылы ұлттық патриоттық сананы қалыптастыруға негізделеді.

Балалардың ұлттық санасын оятуға, бойындағы мәліметтерін дамытуға байланысты шараларды ұйымдастырғанда ұлттық киім, құнды жәдігерлер туралы үнемі айту, соларға қызықтыру, оны шынайы өмірмен байланыстыру т.б. әрекеттерді жиі қайталап отырған абзал. Бұдан бала ұлттық құндылықтың маңызын түсінеді, қызығады.

Бала тілінің дамуы өзін қоршаған ортамен тығыз байланысты. Туғандары, анасы қай тілде сөйлесе, бала да сол тілде алғашқы сөздерін айта бастайды. Бала тілі бал, олар түрлі пікірлер айту арқылы өз қиялын жеткізеді. Әр Қазақстан азаматы өз ана тілінде еркін сөйлеп, тілін құрметтеп, Отанының мемлекеттік тілін жетік меңгеруі тиіс. Осы сәтте балаға отбасы үлгі болуы қажет. Ал мектепке дейінгі ұйымда тәрбиеші баланың ойын дамытып, жігерлендіріп, алға жетелеу арқылы талпындырып отырғаны абзал. Ана тілі рухани тірегіміз екенін сәби көңілдеріне сіңіріп, олардың тіл байлығын дамыту бағытындағы шараларда тіліміздің тазалығын сақтауға барынша көңіл бөлген жөн.

Жаһандану заманына сай жан-жақты дамыған білімді тұлға болып қалыптасудың негізгі шарттарының бірі – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік білу. Осыған орай, елімізде Үштілді білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы іске асырылуда.

Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбие барысында қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйренуге аптасына 3 сағат бөлінген. Бүгінгі күннің талабына сай үш тілді білім беру жүйесінің негізін қалау мектепке дейінгі ұйымдардан бастау алады.

Елбасымыз айтқандай Мәңгілік ел болашағы – білімді ұрпақ, саналы жастар. Осы тұрғыда тәрбиеші қауымының атқарар ісі көп. Алдымызда ұлттық құндылықты бойына сіңірген, отансүйгіш, елі мен жерінің қамы үшін аянбайтын, білімді, иманды, еңбекқор ұрпақ тәрбиелеу, оларға бағыт беру міндеті тұрғанын әрдайым жадымыздан шығармауымыз шарт. Қазақстан тағдыры үшін, өткен ата-бабалар мен болашақ ұрпақ алдында ең бағалы құндылығымыз - егемендігімізді сақтап, мұратымызға айналған «Мәңгілік Ел» болу идеясын жүзеге асыру жолында аянбай еңбек ете білейік.

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ПАТРИОТТЫҚ АКТІСІН МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМДАРДЫҢ БІЛІМ БЕРУ ҮДЕРІСІНЕ ЕНГІЗУДІҢ КЕЗЕҢДЕРІ

Ақпараттық кеңістікті ұлғайту және әлемдік білім беру қауымдастығымен тең болу, білім беру жүйесінің жаңа талаптарына сәйкес еліміздің әлеуметтік - экономикалық даму деңгейінің өлшемдері ретінде, адами ресурстарды қалыптастырудағы білім берудің рөлін күшейту қазіргі заман талабы.

«Қазақстан-2050» қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев: «Бала тәрбиелеу - болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек» деп белгілеген. Сол себептен педагог мамандар мен барша қазақстандықтардың алдында тұрған басты міндет - ұлттық идеяны қоғам өміріне енгізу болып табылады.

«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының құндылықтарымен өскелең ұрпақты тәрбиелеудің негізгі тұжырымдары мыналар болып табылады:

- әлеуметтік құндылықтар жүйесін қалыптастыру;

- тәрбие ұстанымдары мен ойларын біріктіру;

- ата-бабамыз бен басқа халықтардың мәдениетін үйлестіру және сақтау;

- қазақстандық патриотизмды қалыптастыру.

Берілген негізгі тұжырымдарды тәрбие барысына енгізу үшін алдымызда тұрған міндеттер:

- балаларда азаматтық, патриоттық, өзіндік сана сезімді қалыптастыру;

- эстетикалық құндылық және талғаммен ұлттық және жалпы адамзаттық мәдениетті игеру;

- еңбек етуге ынталанып, өз мақсатына, табысқа жетуге және бәсекеге қабілетті өмір сүру үшін тәрбиелеу;

- салауатты өмір салтын сақтап, дене тәрбиесімен айналысуға ұмтылу.

«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын мектепке дейінгі ұйымдарда енгізудің негізгі кезеңдері:

- дайындық (мотивациялық-ұйымдастырушылық);

- негізгі (енгізу);

- қорытынды (жалпылама).

Дайындық кезеңі (мотивациялық-ұйымдастырушылық)

Мақсаты: «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін оқу-тәрбие жүйесіне енгізу бойынша педагогикалық ұжымның сұранысы мен мүмкіндігін зерделеу.

Міндеттері: Мектепке дейінгі ұйымдардағы білім беру үдерісінде «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісінің бағыттарын тиімді қолдану үшін оның негізгі ерекшеліктеріне талдау жүргізу; оқу әдебиеттерінің мазмұнын зерделеу, озық педагогтардың тәжірибелерін талдап, тарату.

Жұмыс мазмұны: түрлі жас ерекшеліктеріне сай мектепке дейінгі ұйымдарда қолданылатын жұмыстың ерекшелігін анықтау; мәселелерді шешу жолдары; мектепке дейінгі ұйымдардың тәжірибесін талдау (әдістемелік, техникалық, кадрлық); «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын негізге ала отырып, жылдық жоспар құрастыру, жұмыс бағдарламалары мен ұсынымдарды әзірлеу.

Негізгі кезең (енгізу)

Мақсаты: «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының негізгі бағыттарын білім беру үдерісіне қолдануға жағдай жасау.

Міндеттері: «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін енгізу үшін материалдық-техникалық базаны нығайту және жетілдіру; тәрбиелік, әдістемелік, үйретуші, тренингтік түрлі шараларды ұйымдастыру арқылы педагогтардың кәсіби шеберлігін көтеру; Үлгілік оқу бағдарламасын жүзеге асыруда инновациялық әдістер мен технологияларды қолдану; педагогтар арасында тәжірибемен бөлісуді жүйелі ұйымдастыру; педагогтың балалармен бірлескен әрекетін инновациялық педагогикалық технологияларды кіріктіру арқылы өзгерту.

Жұмыс мазмұны: «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін тәрбиелеу-оқыту үрдісіне енгізуді жүзеге асыру үдерісінде, педагогтардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталған түрлі әдістемелік шараларды ұйымдастыру; «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін енгізу бойынша инновациялық педагогикалық технологияларды қолдануды әртүрлі іс-әрекет түрлерімен кіріктіру.

Қорытынды кезең (жалпылау)

Мақсаты: мектепке дейінгі ұйымдардың қызметіне «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін енгізу бойынша орындалған жұмыстарды қорытындылау.

Міндеттері: педагогтардың тәжірибесін ұсыну және жуйелеу; «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін іске асыруды талдау; мектепке дейінгі білім берудің жаңа сапасына жету бойынша педагогтардың тәжірибесін жалпылау және тарату.

Жұмыс мазмұны: педагогтардың шеберліктерін жетілдіру бойынша олардың қызметін талдау; «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін білім беру үдерісіне енгізу бойынша БАҚ арқылы жұмыс тәжірибелерімен бөлісу.

Тәрбие негізі балалық шақтан қаланатындықтан «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін жүзеге асыру барысын отбасында және мектепке дейінгі ұйымдарда да мақсатты түрде ерте жастан жүргізу. Оқыту рухани-адамгершілік қасиеттері мен патриоттық сезімдерін, азаматтық жауапкершіліктерін қалыптастыруға, ұлттық сана-сезімді дамытуға, зайырлы құндылықтарды

нығайтуға, мемлекеттің көпэтникалық жағдайын ескере отырып, барлық ұлттармен сыйластық қарым-қатынас жасай білуге бағытталады. Ұлттық идеяны жүзеге асыруда педагог маңызды рөл атқарады.

Педагогтардың кәсіби шеберліктерін арттыру мақсатында келесі шараларды пайдалану ұсынылады:

Мектепке дейінгі ұйымда «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін енгізу бойынша рухани адамгершілік құндылықтарды, патриоттық сезімдерді қалыптастыруға байланысты әр түрлі тақырыпта педагогикалық кеңестер өткізу.

- Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25- жылдығына орай ашық шаралар;

- «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне және тағы да басқа іс-шаралар өткізу;

- ата-аналармен ынтымақтастық қарым-қатынаста, ашық сабақтар өткізу, тренингтер мен әр түрлі оқыту шараларына қатысу.

Ресурстар ретінде отандық әдебиет, киноматография, публицистика, поэзиядан материалдарды және тарихи тұлғалар, батырлар мен соғыс ардагерлерінің өмірлік ұстанымы туралы жеке шығармаларды қолдану ұсынылады.

Баланы ұлттық мәдениет пен дәстүрге жақын таныстыру барысында мерекелерді атап өту үлкен рөл атқарады. Мәселен: «Жаңа жыл», «8 Наурыз», «Наурыз» «Жеңіс күні», «Тәуелсіздік күні», «Конститутция күні» және т.б. мерекелерді өткізу. Мерекені ұйымдастыру барысында олардың ерекшеліктерімен, маңыздылығымен, қоғам өміріндегі айтулы даталармен, ата-бабалар мен қазіргі батырлардың ерлік істерімен танысады. Балалар ұрпақтан-ұрпаққа жеткен материалдық құндылықтарға ұқыпты қарауға, ертегі, аңыздар және ұлттық өнермен танысып, ұлттық әндерді айтуға үйренеді.

Балалар үлкендермен бірлесе отырып ұлттық ойыншықтарды, заттарды, әшекей бұйымдарды және өмірге қажетті керек заттарды қолдан жасап істеуге дағдыланады. Нәтижесінде балалар өз отбасын, достарын, көршілерін құрметтеуге, туған өлкесін сүюге, қоршаған табиғатқа қамқорлықпен қарауға; ұлттық мәдени мұрамызды, ауыз әдебиетінің үгілерін, ұлттық қолөнер кәсібін, ұлттық-мәдени дәстүрді, ақын-жазушы, композиторлардың шығармаларымен танысады.

«Мәңгілік Ел» идеясының маңыздылығын ата-аналарға түсіндіру барысында түрлі әңгімелер, кеңестер, көрнекі безендірілген әр түрлі тақырыптағы: «Спорт –көркі өмірдің, Спорт – досың, серігің», «Жарысқа шық, Жас ұлан!», «Дені саудың – жаны сау» және т.б. байқаулар өткізу, «Шаңырағым - шаттығым», «Отбасы – аялы алақан мекені», «Отбасы өмір өзегі», «Баланың құқығы» т.б. іс шаралар өткізу ұсынылады.

Ұйымдастырылған барлық іс-шаралар көшбасшылық қасиеттері дамыған, білімді, таңдау жағдайында дербес шешім қабылдауға дайын, мәдениетаралық өзара әрекетке және ынтымақтастыққа қабілетті, ел тағдыры үшін жауапкершілік сезімін игерген, «Қазақстан жолы ─ 2050: бір мақсат, бір

мүдде, бір болашақ» Стратегиясының басты мақсатына жетуге белсенді қатысатын адамды қалыптастыруға бағытталған болуы тиіс.

Педагогикалық күш-жігер Отанын, халқын, туған-туыстарын құрметтейтін шығармашыл және талантты адамды тәрбиелеп, өсіруге бағытталуы тиіс.

«Мәңгілік Ел» Патриоттық актісінің басты құндылықтарын бала бойына тиімді сіңіру үшін біліммен өз мұраттарына қол жеткізу жолдарын қалыптастыру жеткіліксіз, сол себептен алдымызда оларды нағыз елінің жанашыр патриоты, рухани әлемі бай, өз құқығын білетін, елінің лайықты азаматы болып өсетін жеке тұлға ретінде дамыту міндеті тұр.

 «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ПАТРИОТТЫҚ АКТІСІН БІЛІМ БЕРУ ҮДЕРІСІНЕ ЕНГІЗУДІҢ МАЗМҰНЫ

Аталған нұсқаулық педагогтарға «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін енгізу арқылы балаларды еліміздің рухани бай мұраларына терең баулуға, өз елінің патриотын тәрбиелеуге практикалық көмек ретінде әзірленген.

Патриоттық тәрбие бойынша жұмыстың мазмұны:

1. Балаларды қазақ халқының және басқа халықтың мәдени мұрасына, халық ауыз әдебиеті шығармашылығына, ұлттық ойындарына, өнеріне баулу;

2. Өз отбасының тарихын, туған-туыстары, отбасылық дәстүрлерін үйрету;

3. Балаларды туған елінің тарихымен, көрікті жерлерімен, әнұран, елтаңба, туымен және балабақшаның дәстүрлерімен, өзі тұратын ауылдың, қаланың тарихымен, қаланың көрікті жерлерімен таныстыру;

4. Қарапайым еңбек дағдыларын жетілдіру, еңбекті бағалап, еңбек адамына құрметпен қарау.

5. Өнімді, шығармашылық, ойын әрекет түрлерін дамыту.

Патриоттық тәрбиенің әдістері:

1. Өлкетану және басқа музейлерге, ескерткіштерге мақсатты

серуендер, экскурсиялар ұйымдастыру;

2. Туған ел, қала, ауыл туралы тәрбиешінің әңгімелері;

3. Қала, ауылда болсын балабақша ауласында еңбек етіп жатқан

адамдарды бақылап, олардың еңбегінің нәтижесін көре білу;

4. Тақырыптық слайдтарды, бейнероликтерді, суреттерді қарастыру;

5. Тақырыптық аудиожазбаларды тыңдау (Қазақстан Республикасының

әнұраны, құстардың дауысы), еліміздің елтаңбасы мен туын көрсетіп, олар

туралы әңгімелеу.

6. Ауыз әдебиетінің үлгілері- ертегі, мақал-мәтелдер, өлеңдер,

ойындармен таныстыру;

7. Халықтың сәндік өнерімен таныстыру (ою-өрнек, қол өнері);

8. Жазушы, композитор, суретшілердің шығармашылығыме

таныстыру;

9. мерекелеріне дайындыққа және өткізуге қатысу;

Патриоттық тәрбиенің формалары:

1.Ұйымдастырылған оқу қызметінде мемлекеттік рәміздер, өзінің туған қаласы, ауылы, елінің тарихымен, табиғи қоры және байлығымен, көрікті жерлерімен және ауа райы туралы түсініктер беру.

2.Туған өлкенің мәдениетімен, қазақ халқының салт-дәстүрімен таныстыру, өлкетану мұражайына экскурсия ұйымдастыру.

3.Табиғатты жақсы көріп, оған қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу, табиғатты сақтауға деген жауапкершілік сезімдерін қалыптастыру.

4. Отан үшін жан қиып, ерлік көрсетіп, қаза болған жауынгерлер өмірімен танысу. Батырлардың ерен ерліктерін халық ешқашан ұмытпай, мәңгі есте сақтайтынын түсіндіру. «Жеңіс күніне» және басқа да мерекелерге арналған ертеңгіліктер, ардагерлерге арнап құттықтау хаттар, сыйлықтар дайындап, ескерткіштер мен монументтерге экскурсия жасап, гүл шоқтарын қойып, тағзым ету.жеңіс күніне арналған ертеңгіліктер өткізу.

5. Ата-аналармен өзара қарым-қатынас жасауда: соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесу, бұйымдар мен әр түрлі тақырыптық суреттер көрмесін ұйымдастыру «Менің атам-батыр», «Менің отбасым», «Анам менің өмірдегі тірегім» тақырыптарына суреттер мен бұйымдар көрмесін және жарыстар, мерекелер, ертеңгіліктер, балабақша ауласында ата-аналармен бірлескен еңбек әрекетін ұйымдастырып, өткізу.

Күтілетін нәтижелер.

«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын енгізу бойынша тәрбие жұмысын іске асыру барысында мектепке дейінгі ұйымды бітірушісінің бойында мектепке барған кезде Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес келесі тұлғалық сапа қалыптасуы тиіс:

1) дене бітімі дамыған;

2) білуге құмар;

3) белсенді;

4) эмоционалды елгезек;

5) үлкендермен және құрдастарымен өзара әрекеттесу тәсілдері мен қарым-қатынас жасауды меңгерген;

6) өзі, отбасы, қоғам (жақын әлеумет), мемлекет (елі), әлем және табиғат жөнінде алғашқы түсініктері бар;

7) Отанын сүйетін, оның рәміздері мен Қарулы Күштерін және елінің жетістіктерімен мақтана алатын;

8) мектепте оқуға қажетті дағдылар мен іскерліктерді игерген.

ҚОРЫТЫНДЫ

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақ баласын ұлтжандылық, отаншылдық сезімде тәрбиелеу, білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен, жоғары оқу орнына дейінгі барлық ұйымдардың міндеті. ХХІ ғасырда өз ұлтын сүйген, бірлікте болған халық қана тұтастығын сақтап қалады» деп атап өткен.

Өскелең ұрпақ - болашақ Қазақстан азаматы. Олар өзімізді қоршаған ірі өркениет орталықтарын, түрлі мәдениетті меңгеріп, өзін сыйлата алатын, рухани дүниесі бай, интеллект деңгейі жоғары, білімді де білікті жаһандану заманына сай болып тәрбиеленуі шарт.

Еліміздегі мектеп жасына дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын арттыру мақсатында, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі білім жүйесіне сай болу үшін шет ел тәжірибелерін оқып, зерделеп, ұтымды жақтарын өз әдістерімізге тәжірибе арқылы енгізу бүгінгі күннің талабы.

Бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайтын білікті маман әрқашан өз ісін шығармашылық ізденіспен жетілдіріп, баланың отбасымен, ата-аналармен де тығыз байланыста жұмыс жасайды бұл Тәуелсіз Қазақстан Республикасы мемлекетінің болашақ партиотын тәрбиелеудің шарттарының бірі болып табылады.

Сондықтан да «Мәңгілік Ел» идеясы – Қазақстанның лайықты дамуының болашағы, ұрпақ алдындағы жауапкершілік, алдағы онжылдыққа қойылған міндеттерді шешу, бұл біздің Еліміздің жарқын болашағы болып табылады.