Отбасы тәрбиесінің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, білімді азаматты тәрбиелеу. Бала да жас терек сияқты, қалай тәрбиелесең, жастан қандай тәрбие берсең, ертең есейгенде жас кезіндегі алған тәрбиесі өміріне негіз болмақ. Ата-ана бала қауіпсіздігін сақтауды ең бірінші орынға қою керек.
Күн сайын еліміздің қалаларында, ауылдарында автокөліктер саны өскен сайын жол апаттары да арта түсуде. Жол көлік оқиғалары жөніндегі деректерге зер салсақ, қалалық жерлерде жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын оқыс оқиғалар саны едәуір көп. Оның ішіндегі жас балалардың апатқа жиі ұшырайтыны: жастай өмірмен қоштасып, орны толмас өкінішке әкелетіні немесе ауыр жарақат алып, кейбірі өмірлік мүгедек болып қалуы мүмкін. Оның себептері: көптеген балалар жолда жүру ережесін сақтай білмеуінде. Олар көбіне ереже талабын бұзып, асығыстық жасап, жүгіріп өтуге ұмтылады. Асыға жолға жүгіріп шыққан баланың қауіпке ұшырайтыны, өзіне ғана емес, өзгенің де өміріне қатер төндіретіні баршаңызға мәлім. Сол үшін ата-анасы баласына жол-жөнекей кездесетін қиындықтарға, жол белгілеріне көңіл бөліп, үйреткені дұрыс. Жол көлікпен қатынасатын балаға ата-анасы жол қиылыстарынан өтуді, көлік толық тоқтағанда түсіп, мінуіне болатынын, өз аялдамасын дұрыс білуін, бөтен көлікке отырмауын ескеріп отырғаны жөн.
Ата-ана баласына бала-бақшаға, көшеге, дүкенге барада үнемі мынаны ескеріп отыруы керек:
- Таныс емес, бөтен адаммен сөйлеспе;
- Мас және қауіпті адамнан алыс жүр;
- Бөтен адаммен подъезге, подвалға, лифтіге кірме;
- Сені артыңнан қуса, көп адамдар арасына жүгір.
Жалпы ата-ана баласының қайда және кіммен ойнап жүргенін білуі керек.
Баланың жарақат алуы көбінесе бала-бақша мен үй арасында болады. Көшеде ұзақ ойнап жүріп қалған бала міндетті түрде қиын жағдайға тап болуы мүмкін (балалармен ойнап жүріп ерегісіп, төбелесіп қалуы, бір-бірінің заттарын тартып алуы, бөтен бұзақы балалардың көзіне түсуі және олардың ақша талап етуі, дүкеннен жарылғыш заттарды сатып алып ойнауы, т.с.с.). Үшкір заттар мен газды балондар алып жүрмеуін қадағалауы қажет.
Балаға техника қауіпсіздік ережелерін және мынаны ескертіп отыруы керек: үйде жалғыз қалғанда электр жүйесіне жақындамау, газ плитасына тиіспеу, терезені ашпау, бөтен кісіге есік ашпау, т.с.с. Ата-анасының әрбір ескертуін ұмытпай, ереже талабын бұлжытпай орындаған балалардың әр түрлі сәтсіздіктен аулақ болатыны шындық.
Құрметті ата-ана, балаларыңызды жолда қараусыз қалдырмаңыз, жолда жүру ережесін сақтауда балаларыңызға үлгі болыңыздар. Егеменді еліміздің болашағы – балалар. Сондықтан бала өмірінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамайық.