Жер-дүниені дүр сілкінткен соғыс өртінің сөнгеніне биыл 66 жыл толып отыр. Елімізге зор ауыртпалықтар әкелген Ұлы Отан соғысының зардабы тимеген шаңырақ жоқ десе де болады.
Бұл соғыстағы жеңісте қазақ халқы талай боздақтарынан айырылды. Әкелеріміз бен ағаларымыз қан майданда толарсақтан саз кешіп, жанкешті қаһармандылығымен басқа ұлттар алдында өздерінің ерлігін көрсете білді.
Ажалда қасқайып қарсы тұрған қаһармандарды басқалар еріксіз мойындауға мәжбүр болды. Бауыржан мен Төлеген, Нүркен мен Талғат, Рақымжан мен Қасым, шығыстың қос жұлдыздары Әлия мен Мәншүк сынды ерлер халқының батыр екендігін дәлелдеді.
Жыл өткен сайын соғыс ардагерлерінің саны азайғанмен олардың жасаған ерлігі бүгінгі ұрпақ санасында мәңгі қалмақ. Сол сұрапыл соғыста Отан үшін отқа түсіп оралмаған қандастарымызды еске алып, балабақшада салтанатты мереке өткізілді. Келешек жас ұрпақ санитар, танкист, ұшқыш, теңізшілер, офицер рольдерін сомдап көрермен ажарынан шықты. Осы іс-шараға соғыс ардагері Воронкова Евдокия Константиновна шақырылды. Ол кісі сұрапыл соғыс кезіндегі өткен жайттардан балаларға қысқаша әңгімелеп берді. Балаларға бейбіт өмір, жақсы оқуларына тілек білдірді. Балабақшадағы өткізілген іс-шараға «Хабар» теледидар агенттігінен тілшілер шақырылып, өткізілген мерекеден түсірілім жасап, балабақша директоры Алтын Көкішқызы Кәрімжанова мен соғыс ардагері Евдокия Константиновнадан сұхбат алды.
Құрметті Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен тыл еңбеккерлері! Ауыр күндердегі адал еңбектеріңіз бен белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз үшін бас иіп алғыс білдіреміз!
Барлық Қазақстандықтарға мықты денсаулық, бақыт, ұзақ ғұмыр тілейміз!
