2011 жылдың 15 сәуірінен “Құстарды қорғау – табиғатты қорғау” айлығы өткізілді. Бұл шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлағалы отырған мерейлі жылы өңірімізге жылы жақтан қайтып оралған жыл құстарын қарсы алуға арналды.
Шараны ұйымдастырудағы мақсат –балаларды қоршаған ортаны қорғауға, құстарға қамқорлық жасауға, табиғатты сүюге, құстардың ұялары мен балапандарына қиянат жасамауға тәрбиелеу.
“Құстарды қорғау – табиғатты қорғау” айлығына барлық топ жас ерекшеліктеріне қарай атсалысты. Ересек топтар арасында “Құстар – біздің досымыз!” атты шара өтті. Әр команданың аты, ұраны, төсбелгісі (эмблема) сарапқа салынды. Топтардың бірі – “Ақ көгершін” болса, екіншісі – “Жас қыран” деп аталды. Қатысушылар викториналық сұрақтарға жауап беріп, жұмбақтар мен жаңылтпаштар айтты, мақал-мәтелдер сайысына түсіп, ойындар ойнады. Викториналық сұрақтарға жауап беру кезінде әр құстың ерекшеліктеріне қатысты қызықты сауалдар да қойылды. Кеш соңында “Тәуелсіз еліміз аман, жұртымыз тыныш өмір кешсін, көгімізде бейбітшілік құсы – Ақ көгершін қалықтасын!” деген тілекпен “Ақ көгершін” әні шырқалды.
"Құстар біздің досымыз"