МҚКК №19 сәбилер бақшасында Тәуелсіздік күніне арналған іс-шаралар.
Қазіргі заман талабына сай ұл мен қыз өсіру, ұрпақ тәрбиелеу-халқымыздың қасиетті де киелі міндеттерінің бірі. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында біздің балабақшада мерекелік іс – шаралар жоспарланып ересек, даярлық топтарда «Тәуелсіздік толғауы» атты тақырыптық сабақтар, ертеңгілік «Жаса Қазақстаным», «Отаным – туған жерім» интеллектуалды викторина сайысы өтті. Ересек, даярлық топтарының алдына қойылған мақсаты: бүлдіршіндерімізге ҚР туралы түсінік беру, туған елге, жерге деген сүйіспеншіліктерін арттыру, еліміздің елтаңбасы мен әнұранын, желбірей көтерілген көк туын таныстыру, сәбилердің танымын кеңейту болды. Үнтаспаға жазылып алынған ҚР әнұранын барлық бала орындарынан тік тұрып тыңдады. «Туған жерге нұр шашып, жарық берген, қуаныш пен мол бақыт алып келген, 16 желтоқсан шуақ болып, Тәуелсіздік еліме алып келген» - деп балалардан сүйінші сұрағандай. Өзінің жүрегінен жарып шыққан қуаныш сезімін тәрбиеші жасыра алмады. Желбіреген туымызда бейнеленген суреттерді жеке-жеке балаларға таныстыра тұрып:
Шуағынан сәуле шашқан күні бар,
Екпіндеген ақ қыранның үні бар.
Ою басқан мөп-мөлдір көк аспандай,
Қазағымның желбіреген, туы бар-
деп тайға таңба басқандай етіп, балалардың ойлау қабілетіне сай, сөзін түсіндіріп, сұлу теңеулермен туды есте қаларлықтай етіп өлең шумақтарымен таныстырды. Ал елтаңба туралы «Ер қанаты – қос сәйгүлік тыпыршып, қазағымның ер мінезін танытқан. Елтаңба тұр, ортасында - «шаңырақ» көңіл қалай шалқымасын шабыттан, дей келе нағыз ер қанатты – сәйгүлік екені, қазақ азаматтарның ешкімнің алдында оңайлықпен бас имейтін намысқой, ер мінезділігін, шаңырақтың қасиеттілігін осы елтаңбадан көреміз деп тұжырымдады.
Әрбір балаға «Еліміз тәуелсіздік алды» - деген ұғымды түсіндіріп, ол елдің балалары қандай болу керек екенін тәрбиеші тақпақ жаттатқызу арқылы жеткізе білді. Интеллектуалдық ойында, «Тұлпар мен Ақбота» топтары өздерінің өнерлерін көрсетті. Сайыс 7 бөлімнен тұрды. Балалар әр бөлімнің сұрағына толық жауап беріп, белсенділік танытты. Тақпақтар арқылы Отанымыздың әдемі көрнісін айтып жырласа, мақал – мәтел арқылы тапқырлық пен зейінділіктерін, ұлттық ойындар ойнауда ептіліктерін, шапшаңдықтарын көрсете білді. Халқымыздың біздер үлгі аларлықтай ата-бабамыздан қалған асыл қасиеттері өте көп. Соның бірі – қиыннан қиыстырып, сөзден түйін түйетін, жүрегімізге әсем өрнек салып, бойымызды қорғасынша балқытатын, өзге халықта көп кездесе бермейтін айтыс өнері. Біздің ұжымның ұстаздары бұл тақырыпта да іздемпаздық көрсетіп келеді. Айтыс туралы, айтыс ақындары туралы түсінік бере келе, бала тіліне жеңіл, оның ойлау қабілетінің көлемінде айтыс сөздерін жазып беріп, оны халық әнінің мақамына салып айтқызу, біздің бақшада кең өріс алған. Сондықтан осы бастан баланы Отаншылдыққа баулып, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімдерін оята білу, еліне қауіп төнгенде, өзгенің тырнағынан арашалап қалу қасиеттерін балабақша табалдырығынан бастаса, онда біздің болашағымызға сенім мол болар еді.
