Бүгінгі таңда тілді меңгерту ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр.Көп ұлтты республикамыздың жағдайында тілді меңгерту,мемлекеттік тілде сөйлету, оңай іс емес екендігі белгілі.
Бұл іс, біріншіден, әлеуметтук сұранысқа негізделген мемлекеттік қажеттілікті нысана еткен жағдайда, екіншіден, бүгінгі оқыту жүйесіндегі қазақ тілінен берілетін білім нәтиже берген жағдайда ғана алға басады.
Қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеру – әрбір азаматтың,оның ішінде оқу орыс тілінде жүргізілетін қазақ тілі пәні мұғалімдеріне жауапты міндеттер жүктейді. Мемлекеттік тілді үйретудің түп негізі – балабақшадан қалыптасады. Басқа ұлт өкілдеріне,әсіресе жазбайтын, оқымайтын балаларға тіл үйрету өте қиын екендігі белгілі. Дегенмен 4-7 жас арасындағы балалардың сөзді қабылдау, есте сақтау қабілеті өте жоғары.
Баланың тілді меңгеруі жайлы белгілі психологтар - Л.С.Выготский, А.Я.Имедадзе, С.Л.Рубинштейн, А.Н.Леонтьев, Н.С.Рождественский, Ж.Аймаутов, Э.Алдамұратов, баланың жас кезінде танымдық қабылдағыш қабілеттерінің өзгеше жоғары болатындығына байланысты тілді тез меңгеретінін көрсетті. Ал бала тілінің дамуы, оның ойлау, сөйлеу мүмкіндігінің қалыптасуы бірден пайда болмайтын күрделі психологиялық процесс. Ол жүйелі жүргізілетін жұмыс түрлерінің негізінде жүзеге асады.
Сондықтан, орыс балабақшаларында қазақ тілін оқытудың өзекті мәселесі – балалардың тілін дамыту болып табылады. Осы мәселе, тілдің тез дамымауы мынадай факторлармен байланысты:
1.Балалардың сөздік қорының болмауы;
2.Ортаның әсері (баланың сөйлеуіне басқа тіл әсер етеді);
3.Сөйлеу дағдыларының болмауы;
4.Байланыстырып сөйлеу тілінің қалыптаспауы.
Баланың тілін дамыту, сөйлесе білуге үйрету негізінен үш түрлі тәсіл арқылы іске асырылады:
1.Заттардың атын айтқызу. Осы заттардың түрін, түсін, көлемін, неден жасалғанын, дәмін айтқызу;
2.Заттардың атына байланысты сөздерден сөйлем құрап айтуға үйрету;
3.Балалар сөзді, сөйлемді дұрыс айтуға үйрене бастаған соң шағын әнгіме құрастыруға дағдыландыру керек (сызбаның түрлері беріледі).
Әсіресе өзге ұлт өкілдерінің балаларын екінші тілге үйрету күрделі процесс. Қазақ тілінде сөйлеуде балалардың тілін тез дамыту үшін оны қоршаған адамдыр да (тәрбиеші, ата-анасы) осы тілде сөйлесіп араласуы қажет. Ата-ана, тәрбиеші,пән мұғалімі, баланың арасында тығыз қарым-қатынас болуы керек. Ата-ана баласының пәннен қаншалықты үлгеретіндігін біліп отыруы керек. Егер ата-ана тәрбиеші, мұғалім, бала арасында тығыз байланыс болса, баланың үлгерімі, тілді игеруі жақсы болады деп ойлаймын.
Қорыта келе, қазіргі талап – жан-жақты үйлесімді, жетілген жаңа адамды тәрбиелеу. Балабақша мен ата-аналар ынтымақтастықта жұмыс жүргізсе, балаларға тиісті көңіл бөліп, олармен санаса білсе, келешектің шын жанашыры, елдің арқа сүйер азаматтары тәрбиеленіп шығары сөзсіз.
Р.Ж. Жаминова, қазақ тілі мұғалімі.
Қазақ тілінің болашағы-мемлекеттік тілде.
