Астананың 20-жылдығы
«ЕЛ ЖҮРЕГІ — АСТАНА». ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРІ 20 ЖЫЛ БҰРЫН АҚМОЛАҒА ЖЕТКІЗІЛДІ

Үстіміздегі жылдың 27 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қаулысымен Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының «Ел жүрегі – Астана» 20 жылдығын тойлау тұжырымдамасы бекітілді. Қазақстан Республикасының Үкіметі Астана, Алматы қалалары мен облыс әкімдерімен бірге елордамыз – Астана қаласының 20 жылдығына әзірлену және өткізу жұмыстары бойынша іс-шаралар жоспарын жасап, бекітеді. Жоспарланған іс-шаралар жыл бойы өткізілетін болады.
8 қараша Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың қалыптасу тарихындағы маңызды күндердің бірі.

Осы күннен бастап Ақмола, қазіргі елордамыз Астана қаласы мемлекеттік рәміздеріміз – ту мен елтаңбаның эталондық белгілерін және Президент байрағын сақтайтын орталыққа айналды. 1997 жылдың 8 қарашасында Ақмоланың орталық алаңында Республикалық ұланның қолбасшысы Сәт Тоқпақбаевтың арнайы басшылығымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің Алматыдан жаңа елордаға жеткізілуіне орай салтанатты митинг пен шеру өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ақмолаға келген республиканың Премьер-министрі және Үкімет мүшелерімен бірге шеруді қабылдады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл оқиғаның республика және Ақмола үшін маңыздылығына аса тоқталды. Президент Ақмола қаласының тарихи кезеңдерде, яғни барлық өңірге мол тәжірибесімен бөліскен тың игерудегі маңызды рөлін атап өтті. Бүгінгі ақиқат пен жетістіктердің қатарында Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту және жүргізілген әлеуметтік-экономикалық реформалар арқылы Ақмоланың жаңа мәртебесін айқындап, оған баршаның назары мен сенімін аударды.
1998 жылдың 6 мамырында ұзаққа созылған пікірталас пен ономастикалық комиссияның сараптамасынан кейін ел Президенті «Қазақстан Республикасының астанасы – Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы деп қайта атау туралы» Жарлыққа қол қойды.

1998 жылдың 10 маусымында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қонақтардың қатысуымен Қазақстан астанасының халықаралық тұсаукесері өтті.
Осылайша Қазақстан тәуелсіздігі тарихының жаңа парақтары басталды. Астана ұлттық брендке, ал оның дамуы – елдің дамуының моделіне айналды.

