Ұсақ қол моторикасынын дамытудың маңызы
Саусақтармен ойнау ата-аналарға балаларын қуантуға, сонымен қатар, сөйлеуі мен ұсақ моторикасын дамытуға мүмкіндік береді. Осындай ойынның нәтижесінде бала әртүрлі сенсорлық әсерлер алады. Мұндай ойындар балалармен, ересектермен мейірімді өзара қарым-қатынасты қалыптастырады.
Қазіргі кезде «ұсақ моторика» деген тіркесті жиі естиміз. Сол ұсақ моторика дегеніміз не? Физиологиялық тұрғыдан айтқанда ол қолдың ұсақ бұлшықеттерінің қозғалысы. Сонымен қатар «қол мен көздің» тепе-теңдігін де ұмытпауымыз керек, себебі қолдың ұсақ қозғалысы көздің бақылауымен жүзеге асады. Бала қозғалысы қоршаған ортадағы заттарды танып-білу барысында қалыптасады. Ересек адам нақты бір әрекет жасағанда біздің білегіміз әртүрлі бағытта қозғалу арқылы, қол қимылын жеңілдетеді. Ал балаға білегін айналдыру әлі де қиынға соғады. Сондықтан қозғалыс жасау кезінде оның қолының иықтан төмен барлық жері қозғалады. Яғни қарапайым қозғалыстың өзі баланың көп энергиясын кетіреді.
Неліктен баланың ұсақ моторикасын дамытуымыз керек?
Адам миының сөйлеуге және қолдың ұсақ қозғалысына жауап беретін аумағы өте жақын орналасқан. Яғни ұсақ моторикаға стимул жасау арқылы біз сөйлеу әрекетінің белсенділігін арттырамыз.Ұсақ моторика баланың өсе келе киініп шешінуіне, сурет салуына, жазуына көмектеседі.