4-5 жастағы балалар өз құрдастарының мазасыздықтары мен теріс мінез-құлқына жақтырмай қарап, оған деген көзқарасы да өзгереді.
5 жасқа қарай баланың өз құрдастарымен араласуға деген қажеттілігі күшейе түседі. Бірлесіп ойнау негізінде балалар қоғамы пайда болады. Сонымен қатар бала құрдастары арасындағы өзінің орнын сезіне бастайды. Сыпайы сәлемдесу және қоштасу, досын есімімен атау, адамның қызметі мен рөлі бойынша қатынас жасау сияқты (Жүргізуші, дөңгелегіңіздің желі шығып кетті. Дәрігер, ол ауырып тұр.) қарым-қатынас жасау дағдылары дамиды.
Үлкендермен, өз құрдастарымен қарым-қатынас жасау балалардың өзіндік «Менін» тануға мүмкіндік береді. Осындай қарым-қатынас кезінде ғана «Мен» бейнесі қалыптасады.
Бала өсе келе онымен бірге өзі айтқан сөздер мен атқарған іс-әрекеттеріне, өз мүмкіндіктері мен әртүрлі деңгейдегі жетістіктеріне (ойындағы, сурет салудағы, музыкадағы, сахналық көріністердегі, т.б.) дұрыс баға беру мүмкіндігі де артады.
Көркем шығарманы қабылдауы мен музыкаға ықыласының, қиялының, қызығушылығы мен білуге құштарлығының күрт артуы байқалады. Бұл баланың қабілеті мен талантын анықтауға мүмкіндік береді.
Бес жасқа қарай өзара қарым-қатынасы қалыптасып, топтық ынтымақтастықты едәуір сыни тұрғыдан бағалай алады, балаларда достар пайда болады
Бес жасар бала ұзақ әңгімелерді, түсініктемелерді жақсы қабылдай алады. Сонымен қатар бұл кезде балада заттық-таңбалық қабылдау қызметі қалыптасады (әріптер мен сандарға қызығушылық).
Бес жасқа қарай баланың зейіні едәуір тұрақтала түседі, өз бетімен есте сақтау қабілеті пайда болады, қабылдау мен қиялы жетіледі, көрнекті-бейнелі ойлаудың түрлері: пікір айту, ой тұжырымын жасау іскерлігі дамиды. Түрлі пікірлер мен пайымдауларын, ақпараттарды жеткізудің құралы есебінде тілдің қызметі күшейе түседі. Тәжірибе мен зерттеу, бақылау әрекеттерімен қатар, баланың дүниетанымын кеңейтуде әңгімелеудің рөлі артады.
Бес жасқа қарай балада аяушылық сезімі пайда болады. Ертегі кейіпкерлеріне жаны ашиды, сол арқылы адамның да түрлі сезімдерін түсініп, жанашырлық таныту сезімдері пайда болады.
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ ЖАС ЕРЕКШЕЛІГІНЕ СИПАТТАМА
Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру барысында жүргізілетін ойындар мен сабақтар балаларды дербестікке тәрбиелеуге негізделеді. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің түрлеріндегі режимдік кезеңі процесінде ересектермен және құрдастарымен мәдениетті қарым-қатынас жасауға әдеттендіру ары қарай жалғаса береді.
Баланың денсаулығын нығайтуға, дене және ақыл-ой қызметінің жұмысын жақсартуға, жүйке жүйесін сақтауға бағытталған іс-шараларды балалар шаршап-шалдықпайтындай, жарақаттанып қалмайтындай, жалықпайтындай етіп ұйымдастыру керек. Сонымен қатар, осы кезеңде күн тәртібін сақтауды қамтамасыз ететін шаралар кешенін жүргізу, жеке бас гигиенасын сақтау, қоғамдық орындағы мінез-құлық мәдениеті мен өз-өзіне қызмет жасау дағдыларын меңгерту өте маңызды.
Әртүрлі қозғалыс түрлеріне жаттықтыра отырып, балалардың оны түсініп, дұрыс, дәл орындауы қадағаланады. Бұл мақсатты жүзеге асыруда арнайы ережелері бар қимыл ойындары ойнатылады.
Балалардың күнделікті тұрмысын ұйымдастыру барысында бала дербестігінің, өзінің және құрдастарының өзін-өзі ұстау мінез-құлқының артқандығын сезіне білуі, яғни ересектер тарапынан қамқорлыққа мұқтаждығының азайғандығын ескеру қажет. Киініп-шешіну, тамақтану, жуыну уақытының қысқаруы есебінен бала еңбегі мен ойынына, қимыл-қозғалысын дамытуға, өз бетінше көркемдік шығармашылықпен айналысуға бөлінетін уақыт мөлшері артады.
Ересек топта ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінің түрлерін жүргізу уақытының көлемі артып, берілетін бағдарламалық материалдар күрделене түседі. Күрделі мазмұнды материалдарды меңгерту барысындағы ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті (сауат ашу, математика, тіл дамыту) күннің бірінші жартысында жүргізіледі. Себебі, бала бұл уақытта мейлінше сергек, әрі белсенді болады. Оқу материалын балаға ойын арқылы жеткізіп, оны жалықтырып алмас үшін дер кезінде сергіту жаттығуларын жасату керек. Баланың эмоциясын және қимылдарын дамытуға әсер ететін жас ерекшелігіне сай тиімді әдістер мен тәсілдерді қолдану керек.
Бейнелеу шығармашылығынан, драмалау ойынан, сахналаудан тұратын балалардың түрлі дербес көркем әрекетін ұйымдастыру қажет. Өнімді іс-әрекет түрлерімен айналысу сабақтарында балаларды құралдар, атрибуттар әзірлеуге қатыстыру.
Ойын іс-әрекеті алуан түрлі бола түседі, балалар жаңа заттардың қолданылуын, олармен әрекет жасау түрлерін, адамдармен қарым-қатынасқа түсу жолдарын меңгереді. Тәрбиешінің алдында түрлі ойындарды қолдану, шығармашылықты, дербестікті, ерік сапаларын дамыту міндеттері тұр.
Жыл соңында ересектер тобындағы балаларда болашақтағы мектеп оқушысы ретінде үстел ойындарын ойнауға, түрлі суреттерді қарап, суретті ойындардағы тапсырмаларды орындауға, құрастыру мен мүсіндеуге деген қызығушылықты тәрбиелеу қажет.
Бала әрекетінің жүйелі даму үлгісін көрсететін, бағдарлау мен әрекет кеңістігін ашатын, вариативтілігімен және баланың тікелей қатысуымен ерекшеленетін дамытушы орта құру оқыту мен тәрбиелеу процесінде өте маңызды рөл атқарады. Заттық дамытушы орта балалардың бір-бірімен, ересектермен қарым-қатынасын дамытуға бейімделіп жасалады. Сондықтан оның балалардың денесін, әлеуметтік, эстетикалық және танымдық дамуын қамтамасыз етуге қолайлы, әрі ыңғайлы болуы ескеріледі.
Топта еңбек әрекетінің әр түрін жүргізуге қолайлы жағдай жасалуы керек. Еңбек әрекеті арқылы баланың өз-өзіне қызмет ету дағдылары қалыптасады. Осы мақсатта әртүрлі еңбек әрекеттерін ұйымдастыруға болады. Мысалы, тұрмыстық-шаруашылық еңбек пен табиғат аясындағы еңбек түрлерін жеке және ұжымдық тапсырмалар мен кезекшілік түрінде ұйымдастырған жөн. Еңбек ету барысында балалардың жұмысын мадақтап отыру арқылы оны жігерлендіріп, еңбек етуге қызығушылығын арттырып отыру көзделеді.
Балаларды дамыту мен тәрбиелеуде нәтижеге жету үшін педагог пен ата-аналардың бірлесіп жұмыс жасауы маңызды рөл атқарады. Тәрбиеші балаға қатысты мәселелерді бірігіп шешу мақсатында ата-аналармен ынтымақтастық қатынас орнатып, оларды топтың өмірі мен қызметін ұйымдастыруға белсенді қатыстырып отыруы керек.
Бес-алты жасқа қараған балалардың дамуында елеулі өзгерістер болады. Бала денесінің салмағы шамамен айына 200 г, бойының ұзындығы 0,5 см артады. 5-6 жасында баланың бойы - 116 см, денесінің самағы - 21,5 кг жетіп, кеуде қуысының көлемі 67 см жетеді.
Баланың мінез-құлық әрекетін реттеуде бас ми қыртысының рөлі артады. Жоғары жүйке жүйесінің қызметі жетіледі. Балалардың қимыл белсенділігі артып, негізгі қимыл әрекеттерін жетік меңгереді. 5-6 жастағы балалардың қозғалысы, көбінесе, жігерлі, әрі нақты болып, әсемдік пен жеңілдікке ие болады. Балалар жүгіріп келіп биіктік пен ұзындыққа тоқтамай секіруді, заттарды нысананы көздеп дәл лақтыруды беріліп орындайды. Олар допты бір қолымен қағып ала алады, бір орында тұрып, аяқтарын кезектестіріп секіре алады.
Бес-алты жасында саусақ қимылдарының жетілгендігі соншалық, бала өздігінен қағаздан түрлі пішіндерді (дөңгелек, сопақша, тіктөртбұрыш, т.б.) қия алады, адам мен жануарлар мүсіндерін жасап, қарындашпен, бояумен еркін сурет сала алады.
Бес жастағы бала психикалық дамудағы елеулі өзгерістермен ерекшелене