Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 - 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 1 наурыздағы № 205 Жарлығы
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) бір ай мерзімде Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша бекітсін;
2) "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің одан әрі жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 4 наурыздағы № 931 Жарлығында айқындалған мерзімде және тәртіппен Бағдарламаны іске асыру мониторингінің нәтижелерін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ұсынсын.
3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
4. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір Жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.
5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының |
|
Президенті |
Н.Назарбаев |
|
Қазақстан Республикасы |
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың
2016 – 2019 жылдарға арналған
МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ
Астана, 2016 жыл
1. Бағдарламаның паспорты
Бағдарламаның атауы |
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) |
||
Әзірлеу үшін негіздеме |
"Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығы; |
||
Бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган |
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – ҚР БҒМ) |
||
Бағдарламаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар |
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері |
||
Бағдарламаның мақсаты |
Экономиканың орнықты дамуы үшін білім берудің және ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адами капиталды дамыту |
||
Бағдарламаның мақсаттары |
мектепке дейінгі сапалы тәрбие мен оқытуға тең қол жеткізуді қамтамасыз ету; |
||
Міндеттер |
мектепке дейінгі ұйымдардың педагог кадрларының сапалық құрамын жақсарту және педагог кәсібінің беделін арттыру; |
||
Іске асыру мерзімдері |
2016 – 2019 жылдар |
||
Нысаналы индикаторлар |
жаңартылған мазмұн бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған 3-6 жастағы балалардың үлесі |
||
|
2017 ж. |
2019 ж. |
|
ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландырудың жалпы көлеміндегі тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерге жұмсалатын шығындар үлесі 2017 жылы – 21,2 %, 2019 жылы – 22,3 %; |
2. Кіріспе
Әлем жаһандық сын-тегеуріндер кезеңінде өмір сүруде. Бұл жаңа технологиялық жетістіктер мен инновацияларды енгізу, IT-технологиялардың қарқынды дамуы және адам ресурстарының ұтқырлығы.
Осы жағдайда білім және ғылым өзгерістердің алдыңғы қатарында тұруы тиіс. Әлемнің жетекші экономикалары жоғары деңгейдегі адам капиталы есебінен ғана гүлденуге қол жеткізуде. Оған жаңа білім беру стратегиялары мен саясаты ықпал етеді.
Қазақстандық білім беру мен ғылым жүйесін жаңғыртудың қазіргі заманғы кезеңі әрбір адамның сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен мектептегі білімге қолжетімділігін, колледж бен университетте жаңа кәсіби дағдыларды алу, зерттеу және шығармашылық құзыреттерін дамыту мүмкіндіктерін көздейді.
2011 жылы қабылданған "Ғылым туралы" Қазақстан Республикасының Заңы алдыңғы қатарлы ғылыми жетістіктер үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.
Қазақстандық ғылымды экономика мен бизнестің мүддесі үшін дамыту "Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген.
2015 жылы "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мектептегі білімнің жаңартылған мазмұнына кезең-кезеңімен көшу, дуальді оқыту, колледждерде алғашқы жұмысшы кәсібін тегін алу, колледждер мен жоғары оқу орындарының мемлекеттік аттестаттаудан тәуелсіз аккредиттеуге өтуі заңнамамен регламенттеледі.
Жастардың ерекше мәртебесі және оларды мемлекеттік қолдау жаңа "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген.
Сол арқылы жаңа білім беру стратегиялары мен ғылыми жетістіктерді іске асыру үшін негіз жасалды.
Бағдарлама әлемдік жетекші трендтерді ескере отырып, "100 нақты қадам" Ұлт жоспары негізінде әзірленді.
Бағдарлама педагогикалық және ғылыми қауымдастықта кеңінен талқыланды. Жұмыс берушілердің, бизнес-қауымдастықтардың және халықаралық сарапшылардың ұсыныстары ескерілді.
3. Ағымдағы жағдайды талдау
Дүниежүзілік экономикалық форумның (бұдан әрі – ДЭФ) 2015 – 2016 жылғы Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақстан әлемнің 140 елінің арасында 42-орынды иеленді. Білім және ғылым саласындағы 12 индикатордан білім беру жүйесінің және ғылыми-зерттеу ұйымдарының сапасы, мектептердегі интернетке қолжетімділік, зерттеу және білім беру қызметтеріне қолжетімділік бойынша 8 индикатордың мәні жоғарылады.
ЮНЕСКО елдің мыңжылдықтың даму мақсаттарына қол жеткізудегі прогресін атап өтеді. Қазақстан Білім беруді дамыту индексі бойынша көшбасшы елдердің ондығына кіреді.
Білім – Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасының (бұдан әрі – БҰҰДБ) адами даму рейтингінің негізгі үш субъективті факторының бірі. Қазақстан 2015 жылы даму деңгейі жоғары елдердің тобына кіріп, әлемнің 188 елінің арасында 56-орынды иеленді.
ЮНЕСКО 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтудағы Қазақстанның елеулі прогресін "2000 – 2015 жылдар. Баршаға арналған білім: жетістіктер мен сын-тегеуріндер" баяндамасында атап өтті.
15 жастағы қазақстандық білім алушылардың математика және жаратылыстану-ғылыми сауаттылығы бойынша PISA-2012 нәтижелері біршама жақсарды.
Қазақстандық оқушылар халықаралық зияткерлік олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда өздерімен қатар шетелдік құрдастарына мықты бәсекелес бола алды. 2015 жылы елдің ұлттық қоржынында 252 алтын, 336 күміс және 579 қола медаль болды.
Еліміздегі колледж студенттері алғаш рет Бразилиядағы WorldSkills Competition халықаралық чемпионатына қатысты. Жалпы командалық есепте Қазақстан әлемнің 55 елінің арасынан 50-орынды иеленді.
2015 жылы еліміздегі жоғары мектептің білім беру қызметінің халықаралық стандарттарға сәйкестігі танылды. Тоғыз университет QS-2015 рейтингінде атап өтілді.
Қазақстан 2013 жылы Жаһандық жастарды дамыту индексінде 170 елдің ішінде 27-орынды иеленді. Халықаралық сарапшылар жастардың жұмысқа орналасуы мен елдің саяси өміріне қатысуының оң үрдісін атап өтуде.
Қазақстан 2016 жылы Білім беру саласындағы кемсітушілікке қарсы күрес және Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияларды ратификациялады. Конвенциялардың барлық ережелері елдің заңнамасында, оның ішінде "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген. Толық теңдік негізінде әрбір білім алушының қабілеті мен ынтасына қарай барлығына сапалы білім алудың қолжетімділігі қазақстандық білім берудің барлық деңгейлерінде іске асырылады.
Бұл білім мен ғылымның барлық бастамаларын мемлекеттік деңгейде, жеке сектордың және елдегі азаматтық қоғамдастығының мақсатты қолдауының арқасында мүмкін болды.
Сонымен қатар, күрделі және серпінді дамып жатқан әлемнің жаңа сын-тегеуріндерінің аясында жоғары сапалы білім беру мен ғылымды қамтамасыз етуді тежейтін факторлар бар.
2011 – 2015 жылдар кезеңіндегі басым бағыттар заңнамалық базаны дайындау, білім мен ғылымның инфрақұрылымдық дамыту және ресурстық әлеуетін өсіру болды.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту
Баланың дамуындағы осы кезеңнің маңыздылығы білім беру қызметіне одан әрі табысты дайындықтың негізі ретінде жылдан-жылға артып келеді.
Әлемдегі 40 елдің білім беру жүйесінде мектепке дейінгі білім беру деңгейі міндетті болып табылады.
2014 жылы БҰҰДБ Адами даму индексінің "Білім беру" субъективті факторын "Жалпы мектепке дейінгі біліммен қамту" коэффициентімен толықтырды. Бұл мектепке дейінгі білім берудің саяси маңыздылығын айғақтайды.
ЮНЕСКО елдерге мемлекеттік-жекешелік әріптестікті (бұдан әрі – МЖӘ) дамытуды ұсынады, бұл ретте мемлекеттік қаржыландыру халық аз қоныстанған және шалғайдағы елді мекендерге жұмсалуы қажет.
Қазақстанда соңғы бес жыл ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың дамуы білім беру жүйесін жаңғыртудың басым бағыттарының біріне айналды.
2010 – 2014 жылдарға арналған "Балапан" бағдарламасын табысты іске асыру мектепке дейінгі ұйымдардың өсуіне ықпал етті. 2013 жылмен салыстырғанда 2015 жылы мектепке дейінгі ұйымдар желісі 965 бірлікке көбейді. 2015 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 8 834 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді (2013 жылы – 7869, 2014 жылы – 8467).
Бұл секторда МЖӘ белсенді дами бастады. Тек 2013 – 2015 жылдары мемлекеттік білім беру тапсырысы 655 жекеменшік балабақшаға орналастырылды (2013 жылы – 898, 2014 жылы – 1261, 2015 жылы – 1553).
3 жастан бастап 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 73,4 %-дан (2013 жылы) 81,6 %-ға (2015 жылы) өсті (2014 жылы – 78,6 %).
Мектепке дейінгі ұйымдар желісінің дамуы педагог кадрлар санының өсуіне ықпал етті. 2013 жылмен салыстырғанда мектепке дейінгі білім беру мамандарының саны 13,9 мың адамға көбейіп, 80,8 мың адамды құрады.
Мектепке дейінгі білім берудің мазмұндық аспектілерін дамытуға айтарлықтай көңіл бөлінді. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі - МЖС) жаңартылды. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың жалпы білім беретін үлгілік бағдарламасы және мектепалды даярлықтың білім беру бағдарламасы әзірленді. Баланы шығармашылық және танымдық дамытуға бағытталған бағдарламаларды сынақтан өткізу еліміздегі 77 балабақша мен 30 пилоттық мектептің базасында басталды. Осылайша, еліміздегі мектепке дейінгі білім беруді дамытуда алға қарай елеулі қадам жасалды. Сонымен қатар, ерекше назар аударуды және тиісті шаралар қабылдауды талап ететін салалар мен міндеттер бар.
Проблемалар:
1) Қазақстандағы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қазіргі желісі және оның инфрақұрылымдық жаңару қарқыны бала туудың өсуіне ілесе алмай келеді. 2015 жылы балабақшаларға кезек 545,4 мың баланы құрады, оның ішінде 3-6 жастағы балалар – 185,6 мың;
2) Қазақстандағы 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) елдерінің орташа көрсеткіштерінен төмен (республикада – 16 %, ЭЫДҰ – 32 %);
3) мемлекет мектепке дейінгі дамудың барлық кезеңдерінің ішінде 0-ден 3 жасқа дейінгі балаларға аз көңіл бөліп отыр. Дәл осы тұста балалардың танымдық және зияткерлік дамуының, әлеуметтік және коммуникативтік дағдыларды меңгеруінің негізі қаланады. Балаларды ерте жастан дамыту проблемаларын кешенді шешу білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларын үйлестіруді және келісілген іс-әрекетін, сондай-ақ ата-аналар қауымдастығын кеңінен қатыстыруды қажет етеді;
4) білім беру қажеттілігі бар мектеп жасына дейінгі балаларды білім беру ортасына қосу өзекті мәселе болып отыр. Оларды тәрбиелеу және оқыту үшін жағдай жасаған ұйымдардың үлесі бар болғаны 9,1%-ды құрайды. Дефектолог, логопед және психолог білікті мамандарының тапшылығы байқалуда;
5) балаларды қамтудың сандық көрсеткіші жоғары болғанымен, мектепке дейінгі ұйымдар көрсететін қызметтердің сапасы әлі күнге дейін жеткіліксіз деңгейде болып отыр. Бұл тәрбиеші кәсібінің әлеуметтік мәртебесінің айтарлықтай беделсіздігінің салдары;
6) тәрбиешінің ай сайынғы жалақысы (ол орташа алғанда 62,4 мың теңгені құрайды) еліміздегі орташа еңбекақыдан әлдеқайда төмен. ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда мектепке дейінгі ұйымдардағы топтардың толымдылығы салыстыруға келмейді. Қазақстанда орта есеппен бір педагогке 30-35 баладан, ЭЫДҰ елдерінде – 14 баладан келеді;
7) мектепке дейінгі ұйымдардағы балалардың жетістігіне мониторинг жүргізудің бірыңғай тәсілі әзірленбеген.
Аталған проблемалардың өзектілігі әлемдік трендтерді ескере отырып, сәби жастағы барлық балалар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуде үдемелі іс-қимылдың қажеттілігін негіздейді.