ОҚУШЫЛАР АРАСЫНДА ТАНЫМДЫҚ САЙЫС ӨТТІ
Павлодар қаласының №39 мектебі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы “Білім және ғылым жүйесін дамытудың ғылыми негізі” нысаналы-бағдарламалық қаржыландырудың (QR 11465474) “Қазақстан Республикасында үштілді білім беруді дамытудың концептуалды негізі” жобасы аясында бастауыш сынып оқушылары арасында «Туған жер – алтын бесігім» атты шығармашылық сайысын өткізді.
Сайысқа қатысушылар «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» тақырыбында үйден сурет салып келіп, оны көрермендерге таныстырды. Келесі кезеңде оқушылар туған жер, Отан туралы мақал-мәтелдер айтып жарысты. Сайыстың соңғы кезеңінде оларға бірнеше бөлікке бөлінген мақал-мәтелдер беріліп, оларды құрастырып, мағынасын ашты.
Сайыс соңында сайысқа қатысушылар мен көрермендер «Кімнің мекені жақсы?» мультфильмін тамашалап, туған жер – әлемдегі ең жақсы мекен екенін түсінді. Белсене қатысқан оқушылар марапатталды. Шығармашылық шараны ұйымдастырушы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздары З.Б. Жұмабекова мен А.Б. Шарипова алдағы уақытта осындай іс-шаралар ұйымдастыратындарына сенім білдірді.