Құмдағы ойындар - баланың табиғи іс-әрекетінің бір түрі. Құм баланың шығармашылық қабілеті мен қиялын дамытады. Баланың құмнан жасаған кез келген көрінісі – қиял әлемінен туған шығармашылық өнім. Сондықтан да құмдағы ойындар балалардың ақыл-ой өрісін, қиял-танымын арттырады.
Құмдағы ойындарда негізінен баланың өздік шығармашылық көкжиегіне барынша назар аударылады. Бала шығармашыл тұрғыда қарап, тың ойларды, жолдарды іздестіреді, нәтижесінде қиыл негізінен көркем дүние туындайды.
Бақылау мен тәжірибе көрсеткендей, құммен ойнау балалардың эмоционалды әл-ауқатына да оң әсер етеді. Түптеп келгенде, баланың психикалық күйзелісін жеңілдетеді. Құм түйірлерін қолмен ұстай отырып, бала қолдың көзге байқалмайтын, көңілге білінбейтін шағын моторикасын дамытады. Мұның бәрі адамның өзіндік дамуына жол ашар тамаша құрал болып табылады. Сондықтан да құмсалғыштарды қолдана отырып, баланы дамыту және оқыту үшін оларды арнайы сабақтарда тұрақты пайдалану ұсынылады. Біз құмнан түрлі көріністер, оқиғалар құрастыра отырып, баланың танымына дөп келетін және қоршаған ортаның болмысын ұғуына сеп болатын өмірлік тәжірибе сіңіреміз.