Телефон доверия
87182346974 басшы, 87053846158
email: pavlodar121@mail.ru, sad121@goo.edu.kz
Адрес: Ш.Құдайбердіұлы көшесі, 4
87182345889 вахта 87182346974 басшы 87182346991 бухгалтерия
Back to the main page of the department of education
График приема граждан:
сейсенбі сағат 10.00-12.00 бейсенбі сағат 16.00-18.00
Танымдық белсенділікті жандандыратын әдістер мен тәсілдер Н.Т.Нуржанова

Бала бар нәрсеге ұмтылса, сол нәрсеге баланың денесі, жаны, ақылы, сезімі, қайраты - бәрі бірге жұмсалады, адамның әрбір ісіне жан көріністерінің үшеуі де - ақыл, сезім, қайрат қатынасынан болғандықтан үшеуін бірдей тең тәрбие қылу тәрбиешінің міндеті деген ой - пікірлер басшылыққа алынады. Бала оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білуі керек, екінші баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам болуы керек. Осындай педагогикалық, психологиялық пікірлері ешқашанда ескірмейтін, бүгін де, ертең де тәрбие ісінде басшылыққа ұстанатын тағылым.

Мектепке дейінгі білім беру баланың өз бетімен дамуына және өз әрекетін өз бетімен іске асыруын қамтамасыз етеді, ықыласы мен танымдық белсенділігін дамытуға ықпал етеді. Мектеп жасына дейінгі балалардың танымдық белсенділігін дамытатын тиімді құралдарды ғылыми тұрғыда іздестіру - теориялық және практикалық шешімді талап ететін өзекті мәселені ұсынады.

Танымдық қызығушылық - оқу әрекетінің жүргізуші себебі, ол жеке тұлғаны танымдық тәсілдер мен біліктерді меңгеруге бағытталады. Нақты танымдық қызығушылық оқу әрекетінің негізі болып саналады.

Танымдық белсенділік – қоршаған ортаның құбылыстары мен заттарын толық тануға құлшыныс береді.

Танымдылықты ынталандыратын, белсендіретін ең алдымен педагог болады. Оның әрекеттері танымдықтың әр кезеңін түрлі тәсілдер мен жаттығулардың көмегімен күшейту болып саналады. Кез келген әрекет тиімді жолмен жүреді және сапалы нәтиже береді, егер де жеке тұлғада, яғни балада мықты, терең ұғымдар, себептер болса, олар бар ынта – жігерімен орындауға құлшыныс білдірсе, қиындықты жеңе білсе, қолайсыз шаралар

мен басқа да жағдайларды игере білсе болғаны. Сонымен қатар танымдық белсенділікті арттыратын – себепкер шартты болады (мотивациялық).

Танымдық белсенділікті дамытуға мүмкіндік беретін жағдайларға төмендегі әдістерді жатқызуға болады:

- тәжірибе (эксперимент)

- проблемалық жағдайларды шешу

- ізденісті талап ететін тапсырмалар (топта бұрын болмаған жаңа заттарды тауып көріңдер)

- тұсау кесерлер (презентациялар)

- көрмелер және т.б.

Белсендірудің негізгі мақсаты – баланың белсенділігін қалыптастыру, оқу – тәрбие үдерісінің сапасын арттыру.

Ынта болған кезде ғана балалар ұжымының әрекетін белсендіре алады. Сондықтан белсендіру үдерістерінің қатарында ерекше орынды оқу - танымдық әрекетті мотивациялау кезінде қолдануға үлестіреді. Әрекет етудің бастамасы ретінде мәжбүрлік, күштеп істету болмау керек, оның орнына мәселені шешуге деген ықылас, нені болсын танып - білу, дәлелдеу, қарсы пікір айту сияқты әректтер болу керек.

Табиғатқа деген танымдық қызығушылықты тәрбиелеудің әдістері мен тәсілдері

Сабақтарда балаларды оқыту түрлі тәсілдермен жүзеге асады. Әдістерді таңдау сабақтардың түріне, оның негізгі мақсатына тәуелді болады. Тәрбиеші бақылауларды, мазмұнды суреттерді қарастыруды, көркем шығармаладрды оқу, әңгіме оқуды пайдаланады. Басқа сабақтарда алған білімдері нақтыланады, кеңееді және тереңдейді. Осы қарастырылып жатқан әдістерден басқа сабақтарда қосымша табиғатта еңбек ету де қолданылады. Ол үшін әңгімелер, дидактикалық ойындар, бақылаулар қолданылады.

Табиғатта танымдық қызығушылық тәсілдерін қарастыруға кірісейік:

- бақылау. Тірі нысандарды бақылауды ұйымдастыру және олармен тәжірибелік бақылаулар жүргізу; суреттерді қарастыру (заттармен және

қарапайым сюжеттермен берілген), ойыншықтарды қарастыру. Жақын маңдағы жануарлармен балаларды таныстыру жүреді: мысық, ит, сиыр, тауық. Жануарлардың атын атап және сыртқы пішініндегі қанық түсті белгілерге қарай тануды (жүнінің түсі, құлақтарының сипаты мен түрі, табандарының ұзындығы), жылжу сипаты (қоян секіреді, құс ұшады), шығаратын дыбыстарды (мысық мияулайды, тауық қытқыттайды) айырып үйренеді. Жақын маңда өсетін өсімдіктер атауларын атап және оларды таниды, яғни ағаш, қуыс, шөп, бөлме өсімдіктері т.б. дейді.

- дидактикалық ойындар. Дидактикалық ойындарда танымдық мақсаттар (заттардың сапасы мен қасиетін анықтау, түрлі заттарды топтастыру және сұрыптау) ойын мақсаттарымен қосылады (жауабын табу, рөлді атқару, жарысу), сонда ол дидактикалық ойындарды жеңіл, тез түрде балалардың алған білімдерін тиянақтау түрінде көрсетеді.

- Тілдік логикалық тапсырмалар. Балаларға логикалық тапсырмаларды бере отырып тәрбиеші оларды ойлау әрекетінің түрлі тәсілдерін қолдануға апаратын жағдайларға итермелейді (салыстырады, құбылыстарды қарастырады, шешу жолдарын іздестіреді), ол өз бетімен әрекет етуді, ойлауды дамытуды ынталандырады. Тілдік логикалық тапсырмалар тіл дамыту үшін ерекше мағына береді, әсіресе монологиялық сөйлеу тіліне қатысты, өз ойларын айқын құрастыра алады, тәрбиеші түрлі әдістемелік тәсілдерді қолданады: олар серуен кезінде, саяхатқа шыққанда нені қарастырғанды, бақылағанды естеріне түсіруді ұсынады, соған қатысты сұрақтар қояды, өз ойларын дұрыс құрастыра білуді үйретеді.

- экскурсиялар – балаларды табиғатпен таныстыру бойынша өткізілетін сабақтардың бір түрі. Экскурсия кезінде бала шынайы жағдайда табиғат құбылыстарын, маусымдық өзгерістерді бақылай алуға, адамдардың өмір талаптарына сай табиғатты өзгертетінін және табиғат қалай адамға қызмет ететінін байқайды. Экскурсиялар балалардың зейіндерін қаратады, тәрбиешінің басшылығымен келесі кезде жүргізілетін бақылауларға және табиғат бұрышына қажетті түрлі материалдарды жинауға мүмкіндік береді.

Аты аталған әдістердің ішіне келесі әдістерді қолдануға болады: ойыншық жануарлар мен өсімдіктерді пайдаланып сахналауды жүргізу, арнайы ұйымдастырылған бақылаулар, қысқа әңгімелер мен тақпақтардың мазмұнына сай сахналау, балалармен әңгіме жүргізу, өз бетімен не үлкеннің көмегімен табиғатта түрлі практикалық тәжірибелер жүргізу («Қоршаған ортаны сен қалай сезінесің»), экологиялық ертегілерді ойлап табу.

Өз жұмысымда қолданатын әдістерді айта кетсем, олар қимылды, шығармашылық, сюжетті рөлді және дидактикалық ойындар, балалармен мақсатты бақылаулар өткіземіз, ізденістік жағдайларын тудырамыз, тәжірибелер өткіземіз. Балабақшада ол үшін барлық жағдайлар жасалған, түрлі гүлдері бар табиғат бұрышы, дидактикалық құралдар мен дамытушылық ойындар. Балалардың белсенділігін ынталандырады, көңіл күйлерін көтереді.

Экотренингтер өткіземіз, олар сауықтыратын пайда әкеледі, яғни психологиялық қарбаластықты әлсіретеді және барлық тірі жанға деген мейірімділік қатынасқа көңілін соқтыруға мүмкіндік береді. Оңтайлы ұйымдастырылған сабақ, экологиялық минуттар балалардың стресстерін және қызбаланушылығын төмендетеді. Үлгілеудің көмегімен табиғат құбылыстарының заңдылықтарын орнатуға болады, ол үшін тәжірибенің көмегі қажет емес, барлығы балалардың түсінігіне сай, қабылдауына ыңғайлы болуы шарт. Балалардың қиялдауларын дамыту үшін мен көптеген экологиялық ертегілерді, жарнамаларды, жұмбақтарды қолданамын.

Балалардың экологиялық ертегілерге деген қызығушылығы алдымен сюжеттің жаңалығына көз аудартады, өзгеше кейіпкерлердің болуы, олардың әрекеттері, сонымен қатар соңғы нәтижесімен қызықтырады. Экологиялық ертегілер табиғаттың күрделі құбылыстарын ашуға көмектеседі.

Жарнама – бұл бір нақты ақпарат, ол ерекше формадағы қаптамаға оралады. Ақпараттан басқа жарнама өз алдына жоғары көңіл күйдің күшін алып жүреді. Тәжірибенің көрсетуінше балаларға ұсынылған жарнаманы өздері ойлап тапса, олар ойынға тез кірігіп кетеді. Жарнаманы жасау үшін

бала сол нысан туралы көп ақпарат білуі керек және өз көзқарасына сай ерекшеліктерін бөліп алады. Мысалы, бала кез келген бір жануарды немесе өсімдікті таңдайды және соның атынан жарнама жасайды: «Мен тоқылдақпын, орманда тұрамын. Менің тұмсығым қатты болғандықтан мен ағаштардағы құрт құмырсқаларды шоқып жеп ағаштарды емдеймін. Менсіз орман құрып кетеді» дегендей жарнама жасайды, көптеген нысандарды өздері таңдайды.

Балалардың қызығушылығы сонымен қатар ізденушілік жұмыста да көп көрінеді, сондықтан тәжірибелер мен бақылауларға да көп орын бөлемін. Қызықты тәжірибелерді өткізе отырып балалар ауа, сиқырлы судың қасиеттерін жақсы танитын болады. Тәжірибе барысында байқамай отырып көп сұрақтар қояды, кейбіреулеріне жауап алмас бұрын өздері жауап беріп жатады, кейбіреулеріне жауап іздейді, тығырыққа тіреледі, проблемалық сұрақтар туындайды, себеп салдарын анықтайды, білетіндерін, көргендерін ортаға салады. Жұмыстың нәтижесі болып олардың тәжірибе бойынша тапқан тұжырымдары, өз ойлары және пікірлері болады, осылайша тірі және өлі табиғаттың байланысы анықталады. Оған дәлел ретінде мына суреттегі ауа туралы тәжірибені өткізуім болып тұр.

Жүйелі, жоспарлы және мақсатты жұмыстар өзінің нәтижесін берді, оны жыл соңындағы мониторинг нәтижесінде көреміз. Диагностика нәтижесі менің таңдап алған әдістерім мен тәсілдерімнің экологиялық мәдениет деңгейін көтеруге, құндылық сапаларының дамуына, сонымен қатар табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыруға кең ықпалын тигізетінін көрдім.

Осылайша менің жүргізіп отырған жұмысым балалардың қарапайым түрде экология мағынасын түсінуге, адам мен табиғаттың, жан жануардың, өсімдік әлемінің өзара байланыстарын ұғынуға, табиғатқа деген сүйіспеншілігін түрлі мағынада көрсете білуіне, адамның табиғатқа жасаған ісіне табиғаттың кері қайтаруының мағынасын түсіне білу болып табылды. Табиғат бізді өзінің сұлулығымен таң қалдырады, үнемі ашық деректер беріп қуантады.

Халық даналығы бар ғой, кімде кім күн сайын жаңа, ғажап нәрсені танып отырса, сол ғана қызықты өмір сүргені деген, ал табиғатта барлығы ғажап, барлығы қызықты. Сондықтан балаларды табиғат әлеміне қатыстыру өте маңызды деп санаймын.

Танымдық белсенділікті жандандыратын тәсілдерге мен өз тарапымнан «Таным қапшықтары», «Сұрақтар қапшығы», «Жауаптар қапшығы» деген қапшықтарды ойлап таптым. Балалар «Таным қапшықтары» арқылы жануарлар, өсімдіктер, құстар, жәндіктер әлемін танып біледі, өлі мен тірі табиғаттың байланысын, табиғат құбылыстарын да танитын болады. «Сұрақтар қапшығына» танымдық, проблемалық, қарапайым сұрақтар қойылып салынады, «Жауаптар қапшығына» жауаптар салынады. Мысалы, мен бір тәжірибені бастапқыда өткізгенде қойған сұрақтарды, балалардың қойған сұрақтарын жазып алып отырамын, тәжірибені аяқтаған соң, бірер айдан кейін тағы да қайталаймын, сонда өз тарапымнан қойылған сұрақтар мен балалардың сұрақтарын тағы да жазып алып, кейін салыстырамын, сонда тәжірибелердің арасында өткен уақытта не өзгергенін, ойдың толығуы мен молаюын байқаймыз. Сұрақтар легі өзгереді, ойлап, нақты қызықтыратын жайттары байқалады. Бастапқыда не? Неге олай? Адам ба не жоқ па? Мынау не? Деген бос сұрақтар көп болса, кейінгі тәжірибеде ойлап, нақты білгісі келетінін ғана қоятыны анықталды, яғни құрт аяғы жоқ болса да, қалай жүреді? Бүгін күн суық па? Өйткені жел қатты, қыста гүл шықпай ма? Неге? деген сияқты. Бала жасы ұлғайған сайын ой өрісі толығады, сөздік қоры молайған соң әрине қоятын сұрақтардың да легі өзгеше, толық мағыналы болып келеді.

 

 

Әдебиеттер:

1. Балабақшадағы экологиялық тәрбие /Отбасы және балабақша-1996. №11-12/

2. Көбеева Н «Бала және табиғат» \\ Үйелмен және балабақша. – 1993. № 5.

3. Құлшанова С Табиғатты қорғау. \\ Отбасы және балабақша. – 1993. № 6.

4. Керімбаева Р Табиғат. Бала. Тәрбие.\\ Отбасы және балабақша. – 1997. № 1 – 3.

5. Николаева С. Ознакомление дошкольников с неживой природой// Воспитание дошкольников.2000. №7

6. Николаева С.Н. Теория и методика экологического образования детей, Учебное пособие для студ.высш.пед.учеб.заведений – М.: Издат.центр «Академия», 2002ж.