ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ ВЕБ-САЙТТАРЫ
kense.oo.ap@pavlodar.gov.kz
140 000 Павлодар қ., Кривенко көшесі, 25
32-21-67
сенім телефоны/Call-орталық
8 7182 32 19 37

Сайт отдела образования города Павлодара
Сайттың аналитикасы
Бір жылда
Бір айда
Бір аптада
Кеше
Жас музыканттарға арналған музыка мен қазақ фольклор сабағы
29-10-2020 14:48
Жас музыканттарға арналған музыка мен қазақ фольклор сабағы

2020 жылғы 28 қазанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобасы шеңберінде Павлодар қаласы балалар музыка мектебінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, композитор, «Шаңырақ сазы» фольклорлық ансамблінің негізін қалаушы Асылбек Әбдікәрімұлымен шығармашылық кездесу өтті. Кездесудің мақсаты: Қазақ фольклоры мен музыкасын сақтау және насихаттау, «Шаңырақ сазы» фольклорлық ансамблінің негізін қалаушымен музыкалық шеберлік сабақтастығы, қазақтың шығармашылық мұраларын музыка, музыкалық аспаптарды кеңінен насихаттау.

Шығармашылық кездесуде Асылбек Әбдікәрімұлы мектеп оқушыларының сұрақтарына жауап берді. Ол балаларға «Шаңырақ сазы» фольклорлық ансамблінің құрылуы, ұжым құрамы, сапарлар мен гастрольдер, репертуар, домбыра, қобыз, қыл-қобыз, үскірік, шаңқобыз, шертер, саз-сырнай, жетіген, сырнай, дауылпаз - ұлттық музыкалық аспаптармен орындалған шығармалар туралы айтты. Қонақ балаларға өз шығармалары және оның «Арулар асыл жандар» әнін айтып беріп, баян сүйемелдеуімен орындап, шаңқобыз аспабының мүмкіндіктерін көрсетіп, саз-сырнайда Е. Брусиловскийдің «Шашу» шығармасынан үзінді ойнады.

- Асылбек Әбдікәрімұлы үшін мектептің «Серпін» ансамблінің 13 - 15 жас аралығындағы домбырашылар квинтеті Р. Бейсенұлының «Қолбасшы» күйін орындады. Оқушылар қонаққа өздерінің дағдылары мен домбыра тарту шеберліктерін көрсетті, - дейді ансамбль жетекшісі Абжанова Гаухар Аргыновна. Барлығы ансамбльде 9 - 16 жас аралығындағы 20 домбырашы бар. Оқушылармен шеберлік сабақтарын өткізу мақсатында әр түрлі жанрдағы музыка шеберлерімен шығармашылық кездесулер жалғасады.