ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ ВЕБ-САЙТТАРЫ
kense.oo.ap@pavlodar.gov.kz
140 000 Павлодар қ., Кривенко көшесі, 25
32-21-67
сенім телефоны/Call-орталық
8 7182 32 19 37

Сайт отдела образования города Павлодара
Сайттың аналитикасы
Бір жылда
Бір айда
Бір аптада
Кеше
А. Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция
07-04-2022 16:27
А. Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция

Павлодар қаласының білім беру бөлімі 2022 жылдың 7 сәуірінде онлайн және офлайн форматтарында А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы: қазақ тілі және заманауи білім беру үдерісі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді. Мақсаты - қазақстандық патриотизм мен азаматтықты қалыптастыру, көрнекті ағартушы, лингвист-ғалым А.Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі үлгісінде зияткерлік-ақпараттық мәдениетті тәрбиелеу.

Конференция жұмысына ғалымдар, магистранттар, аспиранттар, жоғары оқу орындарының докторанттары, әдістемелік кабинеттердің, орталықтардың әдіскерлері, білім беру ұйымдарының басшылары, Түркияның Анкара қаласының, Ресейдің Мәскеу, Севастополь, Өзбекстанның Ташкент қаласы, Қырғызстанның Бішкек, Жалал-Абад қалаларының, Қазақстанның, Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей, Өскемен, Атырау, Орал, Павлодар, Қарағанды, Көкшетау қалаларынан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстары аудандарының мектептері, мектепке дейінгі, мектептен тыс мекемелерінің педагогтері қатысты.

Конференцияның өзектілігін қатысушылардың белсенділігі мен ұсынылған жұмыс тәжірибесі растайды - қазақ ағартушысының өмірі мен шығармашылығы туралы 200-ден астам мақала, секцияларда сөйлеген спикерлердің 22 сөзі ұсынылды.

Конференцияда А. Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси, ағартушылық, шығармашылық қызметімен байланысты өзекті теориялық және практикалық мәселелері, оның ағартушылыққа, лингвистикаға, әдебиетке, педагогикаға қосқан үлесі, еңбектерін, әдіснамалық, лингвистикалық мұрасын пайдалануы, А.Байтұрсынұлының әдістемесі, қазіргі қазақ тілін оқыту және дамыту әдістемесі негізінде құрастырылған «Әліппе» оқулығының басымдығы қарастырылды.

Пленарлық отырысқа онлайн режимде 300-ден астам адам, офлайн режимде 100 адам қатысты. Қазақстаннан Павлодар қаласы, Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Трушев Айтмұхамет Қасымбайұлы - «А. Байтұрсынұлы: қазақтың дамуындағы «көрнек өнерінің» рөлі», Ш. Айтматов атындағы тіл және әдебиет институтының «Манас» фольклор, ақындар шығармашылығы бөлімінің басшысы, Қырғызстанның Бішкек қаласындағы филология ғылымдарының докторы Көлбаева Мээрим Қурманбекова - «Ахмед Байтурсунов жана кыргыз агартуучулары», А. Байтұрсынов мұражай үйінің директоры, Қазақстан Алматы қаласының ахметтанушысы Имаханбет Райхан Сахыбековна - «Ахмет Байтұрсынұлы мұрасының зерттелуі», филология ғылымдарының докторы, Өзбекстанның Ташкент қаласындағы Өзбек мемлекеттік әлем тілдері университетінің профессоры Джусупов Маханбет - «Ахмет Байтұрсынұлы: сингармофонема, әріп, жазылым», Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қазақ тілі, қазақ әдебиеті және Қазақстан тарихы зертханасының меңгерушісі, PhD докторы, Қазақстанның Нұр-Сұлтан қаласындағы қауымдастырылған профессоры Жундибаева  Арай Канапияновнаға - «А.Байтұрсынұлының тіл біліміне қосқан үлесі», педагогика ғылымдарының докторы, Г. В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық университетінің профессоры, Ресей Мәскеу қаласы, Фоминых Наталья Юрьевна - «Сандық білім беру ортасының педагогикалық дизайны: Г. В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық университетінің кейсі», Меруерт Бәкібайқызы, Ахмет Байтұрсынұлының жиені, Алматы қаласы - «Атасы туралы естеліктер...», Павлодар қаласының №19 ЖОМ бастауыш сынып мұғалімі Кенжегүл Айдарханқызы Балтабаева - «А. Байтұрсынов әдістемесі негізінде құрастырылған «Әліппе» оқулығының басымдықтары» тақырыбында сөз сөйледі.

Секциялық отырыстар 300-ден астам адамның қатысуымен 3 бағыт бойынша өткізілді: «Алаш» партиясының құрметті мүшесі - Ахмет Байтұрсынұлы», «Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінің қазіргі қазақ тілін оқытудағы маңызы», «Білім берудегі озық технологиялар мен заманауи үрдістер».

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның қорытындысы бойынша 35 «Үздік баяндама» дипломы, қатысушыларға жұмыс тәжірибесін ұсынғаны туралы сертификаттар, пленарлық бөлімде сөз сөйлегендерге Павлодар қаласы білім беру бөлімінің алғыс хаттары берілді. Үздік баяндамалар, жобалар, бағдарламалар материалдары бар электрондық жинақ шығарылды. Конференция жинағы Павлодар қаласының білім беру бөлімінің сайтында орналастырылған.