Павлодар облысы білім беру басқармасының білім беруді дамытудың инновациялық орталығында 14 қараша күні «LEADERSHIP заманауи менеджмент көшбасшысы» облыстық байқауының қорытынды кезеңі өтті.
Жалпы білім беретін мектеп директорлары орынбасарларының конкурстық материалдары қашықтықтан қаралды, әрбір қатысушы жетекшілік ететін бағыт бойынша техникалық шарттарға сәйкес Е-портфолио электрондық порталы арқылы қазылар алқасының мүшелеріне бейнеролик ұсынды. Қазылар алқасы байқауға қатысушылардың кәсіби шеберлік деңгейін, тәрбие мен оқытудың өзекті мәселелерін шешу бойынша педагогикалық қызметтің креативтілігін анықтады.
Байқау қорытындысы бойынша Павлодар қаласының білім беру ұйымдарының 4 қатысушысы жүлделі орындарға ие болды.
Оқу жұмысы және бастауыш білім беру жөніндегі мектеп басшысының бағыты бойынша І орынды М. Әлімбаев атындағы ЖОМ басшысының орынбасары Ильмира Ерғанқызы Оспанова, ІІ орынды М. Әуезов атындағы ЖОМ басшысының орынбасары Юлия Алексеевна Безрукова, ІІІ орынды балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығы басшысының орынбасары Жанна Қайыргелдіқызы Темірова иеленді.
Ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі басшы орынбасарының бағыты бойынша № 11 ЖОМ басшысының орынбасары Әсем Сапарбекқызы Байжұманова жеңіске жетті.