Облыстың «Бағдаршам» жас жол инспекторлар отряды Ресейдің Краснодар аумағындағы Анапа қаласында «Смена» балалар орталығында өткен Жалпымемлекеттік жиында I орынға ие болып, дипломмен марапатталды. Қазақстан құрамасына Павлодар қаласының Жетекші ЖОМ-ның 9 - 10 сынып оқушылары Дарига Жанахметова, Ислам Еркенов, Арыстанбек Ермұхан және капитан Елизавета Сидоренко енді.
Жиынға ресейлік 28, сондай-ақ Азербайжаннан, Баларусиядан, Қазақстаннан, Тәжікстаннан жалпы 32 команда 20 қазан - 2 қараша аралығында қатысты.
Былтыр павлодарлық оқушылар Алматы облысында өткен республикалық жарыста үздік үштікке енген болатын, сонымен бірге бірнеше номинацияда жеңімпаз атанды: «Үздік бағдарлаушы», «Үздік капитан», «Үздік саптық қарау». Ереже талаптарына сәйкес мықты он қатысушының ішінен төртеуі таңдалып шықты. Олар конкурста тек теориялық біліммен ғана емес, сонымен қоса шығармашылық, креативті ойлау қасиеттерімен көзге түсулері керек болатын. Облыстық ІІД аға инспекторы, полиция подполковнигі Жанар Белялованың айтуынша: «Патриоттық сезім және жауапкершілік қасиет, командалық рух, сондай-ақ жақсы дайындық балғындарға жеңіске жетуде үлкен септігін тигізді».
Слет бағдарламасы бойынша павлодарлық жас инспекторлар түрлі конкурстар мен шараларға қатысты. Агитбригада конкурсында «Мазмұндылық» номинациясында дипломмен, «ЖЖИ аруы - 2017» сұлулық байқауында Лиза Сидоренко «Кербезділік» номинациясында жеңімпаз атанды. «Жол жүру ережелері туралы» қорытынды спектакльде Лиза Сидоренко мен Дариға Жанахметова басты рөлдерді сомдады. Кеш соңы Балмен аяқталды. Лизаның айтуынша: «Смена» Жалпыресейлік Балалар орталығында 2 аптаға созылған романтикалық саяхат аяқталды. Әсерлі, эмоциялы, танымдық саяхаттан өзімізге сергектік, күш жинадық, ЖЖИ командасындағы жұмысты тағы бір белеске жандандыру арманы туды.