Размер шрифта:
↑Наверх
Сенім телефоны
Мекенжайы: Павлодар қ., Гагарин к., 58/4
Білім бөлімінің басты бетіне қайту
Азаматтарды жеке қабылдау кестесі:
Сәрсенбі: 15.00 -17.00
10-сынып оқушысы тіл мектебінде еңбек етіп, онлайн оқыту жобасын дамытуда!
21-01-2026 10:50
10-сынып оқушысы тіл мектебінде еңбек етіп, онлайн оқыту жобасын дамытуда!

Павлодар қаласындағы №47 жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Айханым Окасова бүгінде жасына қарамастан білім беру саласында нақты тәжірибесі бар жас маман ретінде танылып келеді. Ол шетел тілдері мектебінде оқытушы болып жұмыс істеп, сонымен қатар өзінің онлайн тіл мектебінің командасын қалыптастырып, қашықтан оқыту жүйесін дамытып отыр.

Айханымның шетел тілдеріне деген қызығушылығы 6-сыныптан басталған. Сол кезеңде ол тілді тек пән ретінде емес, өзге халықтың мәдениетін, менталитетін және ойлау жүйесін танудың маңызды құралы ретінде қабылдай бастаған. Осы қызығушылық оның жүйелі түрде ізденуіне, өз бетінше білім алуына жол ашты.

Қазіргі таңда Айханым 9 тілді меңгерген. Қазақ, орыс, ағылшын, қытай, араб, корей және француз тілдерін еркін деңгейде қолданады. Ал неміс пен түрік тілдерінде сөйлесу деңгейінде еркін қарым-қатынас жасай алады. Оның жеке мақсаты — 20 жасқа дейін 20 тілді меңгеру.

Тіл үйрену барысында Айханым күнделікті тәжірибеге ерекше мән берген. Ол әр тілді меңгеруде базалық грамматиканы жүйелі түрде игеріп, сөйлесу тәжірибесін алғашқы күннен бастап енгізген. Сонымен қатар бейнематериалдар, тіл тасымалдаушылармен жұмыс және қысқа диалогтар оның негізгі оқу құралдарына айналған. Қателесуден қорықпай сөйлеу — оның басты қағидаларының бірі.

Айханымның ұстаздық жолы 13 жасында басталды. Ол мектеп қабырғасында француз, қытай және араб тілдерінен тіл үйірмесін ашып, қатарластарына сабақ жүргізді. Кейін мектеп президенті болып сайланып, оқушыларға арналған тілдік және білім беру жобаларын ұйымдастыруға белсене қатысты.

Бүгінде Айханым Павлодар қаласындағы шетел тілдері мектебінде ресми түрде жұмыс істейді. Ол мектеп жасындағы балалармен қатар студенттерге және ересектерге де сабақ береді, аудармашы ретінде де қызмет атқарады. Бірнеше тілді еркін меңгеруінің арқасында сирек кездесетін тіл жұптары арасында, соның ішінде араб және корей тілдері арасында аударма жасайды.