Бүгін мектебіміздегі «Келешек Мектеп Медиа» орталығының қатысушылары «Ертіс» облыстық телеарнасына арнайы барып, орталықтың атқарып жатқан жұмыстары туралы кеңінен баяндады. Кездесу барысында оқушылар медиа орталықтың негізгі мақсат-міндеттерімен, шығармашылық жобаларымен және апта сайын дайындалатын қорытынды жаңалықтар бағдарламасының мазмұнымен таныстырды.
Сонымен қатар, олар жаңалықтарды дайындау кезеңдері, бейнематериалдарды түсіру мен монтаждау үдерістері, жүргізушілер мен тілшілердің жұмысы жайлы айтып өтті. Телеарна ұжымымен тәжірибе алмасу барысында қатысушылар кәсіби журналистиканың қыр-сырымен танысып, өздеріне пайдалы кеңестер алды.
Бұл сапар оқушылар үшін үлкен тәжірибе алаңы болып, олардың медиа саласына деген қызығушылығын арттыра түсті.
