Павлодар қаласы білім беру бөлімінің жұмыс жоспарына сәйкес 2011 жылғы 6 мамырында Павлодар қаласының № 19 мектебінде қала мектептерінің оқушыларының арасында халқымыздың Ұлы ғұламасы – Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының шығармашылығын насихаттау мақсатында қалалық «IV Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы оқулары» өтті. Қалалық деңгейде ұйымдастырылған оқуға мектебіміздің 6, 9 сынып оқушыларынан құрылған «Ұлан» тобы қатысты. Оқу өте күрделі екі кезеңнен тұрды.
Бірінші кезеңде оқушыларымыз 3 бағытта:
І бағыт – «Алдыма өлең жаз деп қағаз келген, Сөзімді сөйлеп бақтым мен де білген» Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқуға 6 «ә» сынып оқушысы Бірімқұл Нұржан,
ІІ бағыт – «Бас болып өнер білсең тіпті жақсы» Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының философиясына арналған ғылыми зерттеу жобасына 9 «ә» сынып оқушысы Уалиханов Ұлан,
ІІІ бағыт – «Білімді зерек адам болам!» -десең, Қара өзіңді басқаның айнасымен Мәшһүр-Жүсіптің шығармашылығы бойынша эссе жазуға 9 «ә» сынып оқушысы Айтжанова Айжан сайысқа түсті. Оқудың әр бағыттары бойынша оқушыларымыз суырылып алға шығып, жоғары ұпай жинақтады.
Екінші кезеңде «Түгел адам болуға талап қылсаң, Шала-шарпы жандардан сырыңды жасыр» атты Мәшһүр-Жүсіптің шығармашылығына арналған сұрақ-жауаптар бойыншатоптық сайысқа түсті. Сайыстың бұл кезеңінде де мектебіміздің оқушылары алдына жан салмады.
Сөйтіп, топтық есепте № 35 мектептің оқушылары қалалық « IV Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы оқуларында» бас жүлдеге ие болып, облыстық оқуға қатысуға жолдама алды.
Мектебіміздің мәртебесін асақақтатқан 6 «ә» сынып оқушысы Бірімқұл Нұржанды, 9 «ә» сынып оқушысы Уалиханов Ұланды, 9 «ә» сынып оқушысы Айтжанова Айжанды, оларды дайындаған ұстаздары Ертаева Ақмарал Хамитқызын жеңістерімен құттықтаймыз! Облыстық оқуға жолдама алған шәкірттерімізге сәттілік тілейміз!