Сенім телефоны
87182546323
email: sosh5@goo.edu.kz
Мекенжайы: Павлодар облысы, Павлодар қаласы, Лермонтов көшесі 129
8(7182)549580
Білім бөлімінің басты бетіне қайту
Азаматтарды жеке қабылдау кестесі:
Сәрсенбі сағат 16.00-ден 18.00-ге дейін
За год
За месяц
За неделю
Вчера
Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы
Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы

 

Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 18 ақпандағы N 31 Заңы

 

      Осы Заң адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, конституциялық құрылыс негiздерiн қорғау, Қазақстан Республикасының егемендiгiн, оның аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн, ұлттық қауiпсiздігін қамтамасыз ету мақсатында экстремизмге қарсы iс-қимылдың құқықтық және ұйымдастырушылық негiздерiн айқындайды.

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 
      1) экстремистiк iс-әрекеттер ұйымдастыру - экстремистiк iс-әрекеттерге басшылық ету, экстремизмдi қаржыландыру, экстремистiк мақсатта адамдарды тарту, құралдар мен қарулар жасау және алу, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестiктерiнің экстремизмдi жүзеге асыру үшiн жағдай жасауға бағытталған басқа да iс-әрекеттерi;
      2) экстремизмге қарсы iс-қимыл - мемлекеттiк органдардың адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылыс негiздерiн экстремизмнен қорғауға, тұтастығы мен ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, экстремизмдi болғызбауға, анықтауға, оның жолын кесуге және зардаптарын жоюға, сондай-ақ экстремизмдi жүзеге асыруға ықпал ететiн себептер мен жағдайларды анықтауға және жоюға бағытталған қызметi; 
      3) экстремизмнiң алдын алу - экстремизмнен сақтандыруға бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық, тәрбиелiк, насихаттық және өзге де шаралар жүйесi; 
      4) экстремистiк iс-әрекеттер - экстремистiк мақсаттағы iс-әрекеттер жасауға шақыратын жария үндеулердi, экстремистiк ұйымдардың нышандарын насихаттауды, үгіттеуді және көпшiлiкке көрсетудi қоса алғанда, осындай iс-әрекеттердi тiкелей iске асыру; 
      РҚАО-ның ескертпесі!
      5) тармақша жаңа редакцияда көзделген - ҚР 03.07.2014 № 227-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
      5) экстремизм - жеке және (немесе) заңды тұлғаның, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестiгiнiң белгiленген тәртiппен экстремистiк деп танылған ұйымдардың атынан iс-әрекеттер ұйымдастыруы және (немесе) жасауы; 
      жеке және (немесе) заңды тұлғаның, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестігінің мынадай экстремистік мақсаттарды: 
      Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертудi, егемендiгiн, оның аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн бұзуды, мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiрудi, өкiметтi күшпен басып алуды немесе өкiметтi күшпен ұстап тұруды, заңсыз әскерилендiрілген құралымдарды құруды, оған басшылық жасауды және қатысуды, қарулы бүлiк ұйымдастыруды және оған қатысуды, әлеуметтік, тектiк-топтық алауыздықты қоздыруды (саяси экстремизмдi); 
      нәсілдiк, ұлттық және рулық алауыздықты, соның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыруды (ұлттық экстремизмдi); 
      дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты, соның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыруды, сондай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, имандылығына немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн кез келген дiни практиканы қолдануды (дiни экстремизмдi) көздейтiн iс-әрекет ұйымдастыруы және (немесе) жасауы;
       6) экстремистік ұйым - экстремизмдi жүзеге асыратын және сот экстремистiк деп таныған заңды тұлға, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестігi; 
      7) экстремистiк материалдар - экстремистік iс-әрекеттердi жүзеге асыруға шақыратын не оларды жасау қажеттігін негiздейтiн немесе ақтайтын, жария етуге немесе таратуға арналған кез келген құжат не өзге де жеткізушілердегi ақпарат; 
      8) экстремизмдi қаржыландыру - жеке және (немесе) заңды тұлғаларды, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестiгiн экстремистiк мақсаттарда, соның iшiнде оларға қаржылай қаражат, жылжымайтын мүлiк, оқу, полиграфиялық және материалдық-техникалық база, телефон, факсимилдi және басқа да байланыс түрлерiн, ақпараттық қызмет көрсету, сондай-ақ өзге де материалдық-техникалық құралдар беру жолымен қаржыландыру.

      2-бап. Қазақстан Республикасының экстремизмге қарсы 
              ic-қимыл туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының экстремизмге қарсы iс-қимыл туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актiлерiнен тұрады.
       2. Eгер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Қазақстан Республикасында экстремистiк 
              ұйымдарды құруға тыйым caлу

      Қазақстан Республикасының аумағында мақсаттары немесе iс-әрекеттерi экстремизмдi жүзеге асыруға бағытталған ұйымдарды, шетелдiк және (немесе) халықаралық ұйымдардың құрылымдық бөлiмшелерiн (филиалдары мен өкілдiктерiн) құруға және олардың қызметiне тыйым салынады. 
      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен экстремистiк деп танылған ұйымдардың атауларын құрылатын ұйымдардың атауларында пайдалануға жол берілмейдi.

      4-бап. Экстремизмге қарсы iс-қимылдың негiзгi 
              мiндеттерi мен принциптерi

      1. Экстремизмге қарсы iс-қимылдың негiзгi мiндеттерi: 
      экстремизмнiң көрiнiс беру нысандарына қарамастан, Қазақстан Республикасында оны жүзеге асыруға жол бермеу; 
      экстремизмдi жүзеге асыру үшiн жағдайлар мен мүмкiндiктер жасауды болғызбау; 
      азаматтардың саяси және құқықтық мәдениетiн қалыптастыру; 
      Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсiздігін қамтамасыз ету болып табылады.
      2. Экстремизмге қарсы iс-қимыл: 
      заңның үстемдiгi; 
      нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, қандай әлеуметтiк топқа жататынына қарамастан, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының теңдiгi; 
      қоғамдық, соның iшiнде ұлтаралық және конфессияаралық келiсiм; 
      мемлекеттiң және қоғамдық институттардың өзара iс-қимылы; 
      жариялылық принциптерiне негiзделедi.

      5-бап. Экстремизмге қарсы iс-қимылдың негізгi бағыттары

      Экстремизмге қарсы iс-қимыл мынадай негiзгi бағыттар бойынша жүзеге асырылады: 
      экстремизмнен сақтандыруға, соның iшiнде оны жүзеге асыруға ықпал ететiн себептер мен жағдайларды анықтауға және кейiннен жоюға бағытталған алдын алу шараларын қабылдау; 
      экстремизмдi анықтау және оның жолын кесу; 
      экстремизмге қарсы iс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастық.

      6-бап. Мемлекеттiк органдардың экстремизмнiң алдын 
              алу саласындағы құзыреті

      Мемлекеттiк органдар өз құзыретi шегiнде экстремизмнен сақтандыруға бағытталған мынадай алдын алу шараларын iске асырады:
      1) діни қызмет саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының аумағында құрылған дiни бiрлестiктер мен миссионерлердiң қызметiне зерделеу мен талдау жүргiзедi, өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-насихаттық iс-шараларды жүзеге асырады, Қазақстан Республикасының дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңнамасының бұзылуына қатысты мәселелердi қарайды, Қазақстан Республикасының экстремизмге қарсы iс-қимыл туралы заңнамасын бұзатын дiни бiрлестiктердiң қызметiне тыйым салу туралы ұсыныстар енгiзедi;;
      2) бұқаралық ақпарат құралдары iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бұқаралық ақпарат құралдары өнiмдерiнде экстремизмдi насихаттауға және ақтауға жол бермеу, олардың Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауы тұрғысында оларға мониторинг жүргiзедi, мемлекеттiк тапсырысты орындайтын бұқаралық ақпарат құралдарында ұлтаралық және конфессияаралық келiсiмдi нығайту мәселелерiнiң жариялануын қамтамасыз етедi;
      3) бiлiм саласындағы орталық атқарушы орган бiлiм беру ұйымдарында оқушылардың экстремизм идеяларын қабылдамауын, халықаралық құқық пен iзгiлiктiң көпшілік таныған принциптерiн құрметтеуiн қалыптастыруға бағытталған тәрбиелiк бағдарламалардың бекiтiлуiн және iске асырылуын қамтамасыз етедi, оқу орындарының студенттер алмасу мәселелерi бойынша халықаралық шарттарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      4) Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдары жедел-iздестiру iс-шараларын жүргiзедi және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк органдардың дәлелдi қорытындылары бойынша өздерiнiң iс-әрекеттерiмен қоғам мен мемлекет қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн немесе нұқсан келтiретiн шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына кiруiне жол бермеу жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
      5) Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары жедел-iздестiру қызметiн, қоғамдық тәртiптi қорғау және қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде атқарушылық және өкiмдiк функцияларды жүзеге асырады, сондай-ақ өздерiнiң iс-әрекеттерiмен қоғам мен мемлекет қауіпсiздiгiне қатер төндiретiн немесе нұқсан келтiретiн шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасынан шығарып жiберудi жүзеге асырады;
      6) облыстардың (республикалық маңызы бap қалалардың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілiктi атқарушы органдары қоғамдық бiрлестiктермен өзара iс-қимылды жүзеге асырады, тиiстi аумақтарда құрылған діни бірлестіктердің және миссионерлердің қызметiн зерделеудi жүзеге асырады, олар туралы деректер банкiн жасайды, өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша өңiрлiк деңгейде ақпараттық-насихат iс-шараларын жүзеге асырады, өңiрдегi дiни ахуалға зерделеу мен талдау жүргізедi;
      7) сыртқы барлау субъектілері өз iс-әрекеттерiмен қоғамның және мемлекеттің қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн немесе нұқсан келтiретiн шет мемлекеттердің ұйымдарына, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қатысты Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын хабардар етуді жүзеге асырады.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2005.07.08 № 67-ІІІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.05.27 № 279-IV, ҚР 2011.10.11 № 484-ІV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      7-бап. Мемлекеттiк органдардың экстремизмдi анықтау 
              және оның жолын кесу жөнiндегі құзыретi

      1. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдары мен iшкi iстер органдары Қазақстан Республикасының заңнамасында осы органдардың қарауына жатқызылған қылмыстарды анықтайды, оның жолын кеседi, ашады және тергейдi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де өкiлеттiктерді жүзеге асырады.
      2. Прокурорлар жеке және заңды тұлғалардың, олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) Қазақстан Республикасының экстремизмге қарсы iс-қимыл саласындағы заңнамасын бұзу фактiлерiн тапқан кезде немесе дайындалып жатқан құқыққа қарсы iс-әрекеттер туралы мәлiметтер болған жағдайда, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттiң мүдделерiне зиян келтiретiн экстремистiк материалдар таратылған жағдайда, экстремизмнiң кез келген көрiнiсiн, оны жүзеге асыруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы, бұзылған құқықтарды қалпына келтiру туралы прокурорлық қадағалау актiлерiн шығарады, ұйымдар экстремизмдi жүзеге асырған жағдайда олардың қызметiн тоқтата тұру және оған тыйым салу туралы сотқа өтiнiш бередi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен және шекте қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.
      3. Өзге де мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өз құзыретi шегiнде экстремизмдi анықтау мен оның жолын кесуге қатысады.

      8-бап. Ұйымды экстремистiк деп тану тәртiбi

      1. Ұйымды экстремистiк деп тану сот тәртiбiмен жүзеге асырылады. 
      Егер ұйымның құрылымдық бөлiмшелерінің (филиалдары мен өкілдiктерiнің) бiреуi болса да осы ұйымның басшы органдарының бiрiнiң рұқсатымен экстремизмдi жүзеге асыратын болса, ұйым экстремистiк деп танылады.
      2. Осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, ұйымды экстремистiк деп тану туралы өтiнiштi сотқа Қазақстан Республикасының прокуроры, iшкi iстер органдары немесе азаматтары бередi.
      3. Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттiң аумағында өз қызметiн жүзеге асыратын шетелдiк немесе халықаралық ұйымды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен прокурордың өтiнiшi бойынша сот экстремистiк деп таниды.
      4. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары өз құзыретi шегiнде прокуратура, iшкi iстер органдарына ұйымды экстремистiк деп тану үшiн қажеттi айғақтық базаны қалыптастыру үшiн материалдар беруге мiндеттi.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.05.27 № 279-IV Заңымен.

      9-бап. Экстремистiк ұйымдарды және экстремизмдi жүзеге
              асырғаны үшiн жауаптылыққа тартылған адамдарды
              есепке алу

      1. Экстремизмнiң алдын алу, анықтау және жолын кесу мақсатында өз құзыретi шегiнде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган сот шешiмдерiнiң негiзiнде экстремистiк ұйымдардың және экстремизмдi жүзеге асырғаны үшiн жауаптылыққа тартылған адамдардың есебiн жүргiзедi.
      2. Сот ұйымды экстремистiк деп таныған не ұйым экстремизмдi жүзеге асырған жағдайда оны тарату арқылы қызметiн тоқтата тұрған немесе оған тыйым салған кезде және адамдарды экстремизмдi жүзеге асырғаны үшiн жауаптылыққа тартқан кезде сот өз құзыретi шегiнде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк органға ақпараттық есепке алу құжаттарын дереу жолдауға мiндеттi.

      10-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының
               шет мемлекеттердiң органдарымен және халықаралық
               ұйымдармен экстремизмнің алдын алу, анықтау және 
               жолын кесу саласындағы өзара ic-қимылы

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары экстремизмнiң алдын алу, анықтау және жолын кесу мақсатында шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтасып жұмыс iстейдi.
      2. Экстремизмге қарсы iс-қимылды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары шет мемлекеттердiң құзыреттi органдарымен, халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен ынтымақтасып жұмыс iстейдi, Қазақстан Республикасының заңнамасына және (немесе) халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының немесе басқа мемлекеттердiң аумағында жедел-iздестiру iс-шараларын жүргiзедi. 
      Осы Заңның 7-бабының 1 және 2-тармақтарында көрсетiлген мемлекеттік органдар басқа мемлекеттердiң құзыретті органдарының, халықаралық құқық қорғау ұйымдарының өтiнiшi бойынша, экстремизмге қатысы бар адамдардың экстремизмдi жүзеге асырған жерiне қарамастан, оларды Қазақстан Республикасының аумағында қудалайды.

      11-бап. Мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiру

      Қазақстан Республикасында экстремизмге қарсы iс-қимыл бойынша мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiрудi Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын мемлекеттiк орган жүзеге асырады.

      12-бап. Экстремистік материалдарды басып шығаруға және
               таратуға жол бермеу

      Қазақстан Республикасының аумағында байланыс желілері мен құралдарын экстремизмді жүзеге асыру үшін пайдалануға, сондай-ақ экстремистік материалдарды басып шығаруға және таратуға тыйым салынады.
      Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын және экстремизм белгілері бар ақпараттық материалдарды прокурордың мәлімдеуімен сот тыйым салу талабын мәлімдеген прокурордың тұрған жері бойынша немесе мұндай материалдардың табылған жері бойынша экстремистік деп танып, оларды әкелуге, басып шығаруға және таратуға тыйым салады.
      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 23.04.2014 N 200-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      13-бап. Бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер
               және демонстрациялар өткізген кезде экстремизмдi
               жүзеге асыруға жол бермеу

      Бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткiзген кезде экстремизмдi жүзеге асыруға жол берілмейдi. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілiктi атқарушы органы бейбiт жиналыстарды, митингілердi, шерулердi, пикеттердi және демонстрацияларды ұйымдастырушыларға оларды өткiзгенге дейiн жауаптылық туралы жазбаша нысанда ескертедi. 
      Бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткiзген кезде оларға қатысу үшiн экстремистiк ұйымдарды тартуға, олардың нышандарын пайдалануға, сондай-ақ экстремистiк материалдарды таратуға жол берiлмейдi. 
      Осы бапта көзделген мән-жайлар байқалған жағдайда бейбiт жиналыстарды, митингiлердi, шерулердi, пикеттердi және демонстрацияларды ұйымдастырушылар немесе оларды өткiзуге жауапты өзге де тұлғалар көрсетiлген бұзушылықтарды жою жөнiнде шұғыл шаралар қолдануға мiндеттi. Осы мiндеттердiң сақталмауы бейбiт жиналыстарды, митингілердi, шерулердi, пикеттердi және демонстрацияларды тоқтатуға әрi оларды ұйымдастырушылардың Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша және тәртіппен жауаптылықта болуына әкеліп соғады.

      14-бап. Экстремизмдi қаржыландыруға жол бермеу

      Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметiн жүзеге асыратын шетелдiк немесе халықаралық ұйымдарды қоса алғанда, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестiктерiнiң Қазақстан Республикасының аумағында экстремизмдi қаржыландыруға бағытталған қызметiне тыйым салынады. 
      Осы бапта көзделген мән-жайлар байқалған жағдайда, Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметiн жүзеге асыратын шетелдiк және халықаралық ұйымдарды қоса алғанда, жеке және (немесе) заңды тұлғалар, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестiктерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

      15-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының, 
               шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың 
               экстремизмдi жүзеге асырғаны үшiн жауаптылығы

      Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар экстремизмдi жүзеге асырғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады. 
      Сот экстремистік ұйымдарға қатысушылар немесе экстремистік әрекеттер жасады деп таныған адамдарға мемлекеттік қызметке, әскери қызмет пен арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарына қызметке кіруде шектеу қойылуы мүмкін.
      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.13 № 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      16-бап. Ұйымдардың экстремизмдi жүзеге асырғаны үшiн 
               жауаптылығы

      1. Заңды тұлға, сондай-ақ шетелдiк және (немесе) халықаралық ұйымдардың құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) экстремизмдi жүзеге асырған жағдайда сот олардың қызметiн Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген тәртiппен тоқтата тұрады немесе ұйымдарды тарату арқылы оған тыйым салады. 
      Бұқаралық ақпарат құралын пайдалана отырып экстремизмдi жүзеге асырған жағдайда сот осы бұқаралық ақпарат құралы меншiк иесінің немесе таратушысының қызметін тоқтата тұрады немесе оған тыйым салады. 
      Заңды тұлға экстремизмді жүзеге асырған кезде сот заңды тұлғаны тарату арқылы оның қызметiне тыйым салу туралы шешім қабылдаған жағдайда оның құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) де таратылуға жатады.
      2. Жеке тұлғалар бiрлестiгi экстремизмдi жүзеге асырған жағдайда оның қызметiне осы Заңның 7-бабының 1 және 2-тармақтарында көрсетiлген органдардың өтiнiшi бойынша сот тыйым салады. 
      Жеке тұлғалар бiрлестiгi экстремизмдi жүзеге асырған кезде сот оның қызметiне тыйым салу туралы шешiм қабылдаған жағдайда оған жиналыс және басқа да бұқаралық iс-шараларды ұйымдастыру мен өткiзуге, сондай-ақ насихат және үгiт жүргiзуге тыйым салынады.

      Қазақстан Республикасының 
      Президентi