«Суицид» термині «өз өмірін қиюға ниеті бар мінез-құлық» дегенді білдіреді. Дәрігерлер өзіне-өзі қол салу себептерін денсаулықтың нашарлауы мен биологиялық факторлардан көрсе, психиатрлар жасөспірімдердің суицидке баруын 3 себепке бөліп қарастырады.
Біріншісі – өзіне көңілі толмауы. Яғни, бала өзінің мінез-құлқына, түр-әлпетіне көңілі толмай өзін өзгелерден бір саты төмен ұстап, кемсітеді. Ақырында өмір сүрудің мән-маңызын жоғалтып, өзіне қол жұмсауға бел байлайды.
Екінші себепке – психологиялық дағдарысты көңіл күй, микроәлеуметтік дау-дамайлар жатады. Мәселен, сүйіктісіне қол жеткізе алмаған, «жауапсыз махаббаттың» құрбанына айналған, ата-анасымен, ұстазымен немесе досымен ренжісіп қалған жастар үшін тұрмыста кездескен қиындықтан шығатын жол – өзін-өзі өлтіру болып көрінеді.
Үшінші себепке – психикалық ауытқулар, физиологиялық факторлар жатады. Яғни, дисгармониялық дамуы бар балалар өмірдегі шынайылықты дұрыс қабылдай алмайды. Мұндай балалардың бойында ұялшақтық пен агрессиялы мінез-құлық, шектен тыс мазасыздану, қояншық сияқты психологиялық ауытқулар болады. Салдарынан олар өзіне-өзі қол жұмсауы мүмкін.