Наурыз мейрамы қарсаңында Павлодар қаласының білім беру бөлімі «Шымырлық пен шеберлік күні» республикалық байқауының қалалық кезеңін өткізді. Сайыс шарты бойынша қатысушылар «Ханталапай» - ұлттық ойындарға қатысу және «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» - қолөнер сайысы бағыттары бойынша жарысты. Мақсаты - шығармашылық жұмысқа тарту, қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрі және ұлттық ойындарымен таныстыру. Байқауға мектепке дейінгі білім берудің 200-ден астам тәрбиеленушілері, ата-аналар мен педагогтер қатысты.
Байқауға барлығы «Ханталапай», «Бес асық», «Хан алшы», «Сақина салу», «Қыз қуу», «Теңге алу», «Ақсерек-көксерек» ұлттық ойындарымен 72 бейнематериал ұсынылды. Қолөнер байқауына матадан, жүннен, былғарыдан, киізден, ағаштан, қағаздан қолөнер жасау процесі ұсынылды.
Байқау шарты бойынша қазылар алқасы құрамында Павлодар қаласы білім беру бөлімінің әдіскерлері, мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері шығармашылықтың көрінісін, қолдан жасалған бұйымдарды дайындау технологиясының сақталуын, балалардың ойын шарттарын түсінуін, ойын өтетін орынды ұлттық стильде безендіруді бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша «Ханталапай» ұлттық ойыны бағытында № 43 сәбилер бақшасының тәрбиеленушілері үздік деп танылса, № 8, 24, 48 сәбилер бақшасының тәрбиеленушілері II орын, № 120, 126 сәбилер бақшасының тәрбиеленушілері III орын алды.
№ 46 сәбилер бақшасының тәрбиеленушісі Рысбек Мүсілім «Шежіре» жұмысы үшін үздік деп танылды, II орынды «Ши тоқу» жұмысы үшін - Баязит Айлана (№ 8 сәбилер бақшасы), «Киіз үй» жұмысы үшін - Забиев Әлижан (№ 104 сәбилер бақшасы), «Ыстық тұғыр» жұмысы үшін - Әбетова Нарғыз, Болағасынова Айлана, Шорман Айзере (№ 126 сәбилер бақшасы), III орынды «Алқа» жұмысы үшін № 57 сәбилер бақшасының тәрбиеленушісі Жұмагелдинова Айлана, «Ұлттық диадема мен білезік» жұмысы үшін Шулаева Алевтина (№ 96 сәбилер балабақша) алды.
Байқаудың облыстық кезеңіне № 8, 46 балабақшалардың тәрбиеленушілері Рысбек Мүслім мен Баязит Айлананың жұмыстарының бейнематериалдары ұсынылды.