Кеше Павлодар қаласының № 12, 24 ЖОМ оқушылары, Францияда өткен гимназияданың жеңімпаздары туған қаласына оралды. Оларды ата-аналары, Павлодар қаласы білім беру бөлімінің өкілдері, мектеп ұжымдары салтанатты түрде қарсы алды.
Қазақстанның оқушылары алғаш рет Дүниежүзілік гимназиадаға қатысты. Францияда әлемнің 60-тан астам елінен келген жас спортшылар жарысты. Еліміздің намысын қорғаған және еркін күрестен алтын медальді № 12 мектептің 9 сынып оқушысы Қайыржан Сұлтан және садақ атудан күміс медальді № 24 мектептің 10 сынып оқушысы Жұмабаева Аружан жеңіп алды.
Көп жылғы тынымсыз еңбектің нәтижесінде бүкіләлемдік спорт жарысында қол жеткізген бұл жеңіс барлық қазақстандықтарға, Павлодар облысына, қалалық мектептерге ерекше қуаныш сыйлады. Бұл жеңіс, сөзсіз, еліміздің өскелең ұрпағына үлгі болады, осы жарысты бақылап отырған мыңдаған жасөспірімдерге спортпен шұғылдануға, шыңдалуға және мақсатқа ұмтылуға жаңа серпін береді. Кездесуде жеңімпаздарға үлкен алғыс білдіріліп, ата-аналардың, мектептердің, жаттықтырушылардың тәрбиелеу мен олардың мақсаттарына қол жеткізуде үлкен рөл атқарғаны атап өтілді.