Сіздерді Қазақстан халқы тілдері күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп халқымыздың тағдыры үшін, тілі үшін күрескен, қазақ әліпбиінің негізін салған Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс тойланады. Сондықтан осынау атаулы күнге тіл мерекесін үйлестіріп, атап өтудің маңызы мен мәні зор. Тәуелсіздік алған уақыттан мемлекеттің сындарлы саясатымен мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, өзге этностардың тілдерін сақтап қалуға, оқып-үйренуге қолдаулар көрсетіліп келеді.
Бүгінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалымен бірлесе ана тіліміздің мерей-мәртебесін арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Барлық мекеме, мектеп, балабақшада арнайы іс-шаралар өткізілуде. Біздің басты мақсатымыз – қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту.
Халқымызда «Тіл – ұлттың тірегі» деген салмақты сөз бар. Ендеше, тірегімізге тіреу болайық, Тәуелсіздігімізге сүйеу болайық. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі арта берсін! Қазақстан халқы тілдері күні құтты болсын!