№5 мектеп оқушылары Анастасия Лыскова (10 «Б», 50 ұпай), Рустам Зиганшин, Анастасия Дикова (8 «Б», 48 ұпай) «Тіл – мемлекет тәуелсіздігінің символы» атты қазақ тілінен ІХ республикалық қашықтық олимпиадаға қатысып, ІІ турға шықты (қазақ тілі мұғалімі Қаламқас Сматовна Усенова).
5-7 қаңтар аралығында Республикалық оқу–сауықтыру орталығы «Балдәуренде» ІІ кезеңге Анастасия Лыскова мұғалімімен бірге барып, қатысып келді.
«Балдәурен» – қазақ тілінде бақытты балалық шақ деген мағынаны білдіреді. Бұл атау текке берілмеген, орталыққа келетін балалардың жасы осы бақытты балалық шаққа сәйкес. Республикалық оқу–сауықтыру орталығы «Балдәурен»- бұл оқу–педагогикалық және сауықтыру істерін ұйымдастырумен айналысатын, сонымен қатар балалардың Халықаралық және Республикалық мәдени көпшілік, ғылыми –практикалық іс-шараларын өткізетін Республикалық оқу-сауықтыру орталығы. "Балдәурен" РОСО еліміздің ең көрікті жерлерінің бірі Бурабай курорты аймағында Щучье көлінің жағасында орналасқан. «Балдәурен» Республикалық оқу- сауықтыру орталығы тікілей мемлекетіміздің Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Артек» (Крым, Украина) Халықаралық балалар орталығы негізінде құрылды.
«Мен өте қуаныштымын, - дейді Настя, - «Балдаурен» қызметкерлері мен «Дарын», «Қазтест» өкілдері балалар үшін бар жағдай жасады. Тамаша адамдармен таныстым. Керемет таза ауаны, аппақ қарды, мөлдір мұзды, ашық аспанды ешқашан ұмытпаймын. Ата-анама, мұғалімге ризамын!»