Ағымдағы жылдың 5 - 11 қыркүйек аралығында Павлодар қаласының мектептеріндегі 8 - 11 сынып оқушылары үшін қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында Абай сабақтары өткізіледі.
Аталмыш іс-шараның мақсаты ұлы ақын, философ-гуманист және композитор Абай Құнанбаев шығармашылығы туралы оқушылардың білімін кеңейту, ақынның лирикалық өлеңдерімен қарасөздерімен таныстыру, туған халқының тарихы мене мәдениетіне деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу болып табылады.
Алғашқы сабақтың салтанатты ашылуы Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы орта білім беру мектебінде 5 қыркүйек күні өткізілді. «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» сабағын Республикамыздағы белгілі абайтанушы, жыршы Данияр Сабырұлы Асенов жүргізді. Жыршы ғұлама ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы айтып, өлеңдері мен қарасөздерінен үзінділер оқыды, Абайдың дүниежүзі мәдениетіне қосқан үлесі жайында әңгімелеп берді. Оқушылар зор зейін қоя тыңдап, үлкен қызығушылықтарын танытты. Облыстық «Абай оқуларында» мәнерлеп оқу сайысының жеңімпазы, Абайдың 150 өлеңін жатқа білетін 10 – сынып оқушысы Дауан Бақберген Абайдың өлеңінен үзінді оқыды. Қалалық және облыстық ән байқауының жүлдегері 9 - сынып оқушысы Баян Айдархан Абай Құнанбаевтың «Сегіз аяқ» әнін шырқады.
Бұл сабақ оқушылардың есінде мәңгілік қалатыны сөзсіз. Себебі, ақынның шығармалары мен қарасөздері жас ұрпаққа арналған. Абайдың өсиеттері қай заманда да болсын өзекті.