Мамырдың жайма-шуақ күнімен жарыса соңғы қоңырау да келіп жетті. Соңғы қоңырау – мейрамы әр адамның есінде қалатын өмірдің ең жақсы күндерінің бірі болып есте қалады. Достарының әсем күлкілері, ұзаққа созылған сабақтар мен тез аяқталатын үзілістер, қатал мұғалімдер – осылардың барлығы соңғы қоңыраудан кейін түлектер үшін басқаша қабылданады. Сол себепті мектепті жақсы жылдардың бірі деп есептейді, ал соңғы қоңырауды балалық шақпен қоштасатын мейрам деп атайды.
Иә, бұл күн жай күн емес, ол өмірдің белгілі бір кезеңімен қоштасу және алдағы белгісіз болашақпен кездесу және есею жылдарының алғашқы баспалдақтары.
Әр адамның өмірінде өшпес із қалдыратын мейрамның салтанатты түрде атап өтілетіні бәрімізге аян. Себебі, бұл күні қуанышқа бөлейтін және де көңілге мұң түсіретін соңғы қоңырау сыңғырлайды.
Осы сөздің айғағы ретінде №29 орта мектебінде соңғы қоңырау мерекесі өткізілді. Мерекені мектеп директоры Ф.И.Ибрагимов өзінің құттықтау сөзімен ашты.
Мерекелік соңғы қоңырау соңында «Сәт сапар!, – деп қол бұлғаймыз бәріміз, жеткенін армандарға тілейміз біз!», – деп мектеп түлектері өз арман тілектерін болашаққа ұшырды.