Павлодар қаласындағы балалар музыка мектебінде Наурыз мейрамына арналған «Төрлет, Наурыз – жыл басы!» атты мерекелік концерт өтті.Дәстүр бойынша мереке қазақтың ежелден келе жатқан «Шашу» дәстүрімен басталып, «Өрлеу» қазақ халық аспаптар ансамблінің орындауында Қазанғаптың «Шынаяқ» күйімен өтті.
Концерттік бағдарламада көрермендерге түрлі деңгейдегі байқаулар лауреаттарының жеке және ансамбльдік нөмірлері ұсынылды. «Bright» вокалдық ансамблінің, халықаралық байқаулардың лауреаттарының орындауында «Наурыз» әні шырқалды.55-ші облыстық жас музыканттар байқауының лауреаттары Адамбаева Сабина Е. Брусиловскийдің «Бозайғыр» сюитасын, Сибагатуллин Фаиль, Рудик Иван мен Баймыш Аяна «Қамажай», «Шырша» «Наусқы» шығармаларын орындады.
Жеке және ансамбльдік ән айту бөлімінің оқушылары Сәрсембай Айша, Елубаева Айлин және Қалел Рамазан «Саржайлау», «Алтын бесік», «Отан ана» әндерінің жарқын орындалуымен көрермендерді қуантты.
Саксофоншылар мен гитаристер ансамбльдері музыкалық аспаптар үнінің әсемдігімен, әуезділігімен көрермендердің жүрегін жаулады.Мерекелік концертті халықаралық байқаулардың лауреаты, хор сыныбының кіші тобы Н. Дүкенбайдың әніне, сөзін Қ. Смағұл жазған «Наурыз келді» әнімен аяқтады.
Дарынды жас музыканттардың өнер көрсетуі, жарқын костюмдері концертке келген бірде-бір көрерменді бей-жай қалдырмай, жайлылық, мерекелік көңіл-күй атмосферасын құрды.