Қиын бала қайдан шығады
Тәрбие, тәрбие десек те , кешегі дүние есігін “іңгәлап” ашқан сәбимізден, бал тілді баламыздан өсе келе тілазар, тентек, еркетотай, сондай – ақ жасық, қыңыр ұстаздар тілімен айтқанда “қиын” бала қайдан шығады деп таң қаламыз. Бұл мәселе жөнінде өмірде кездесіп жүрген жәйттерден мысалдар келтіре отырып ой толғауды жөн көрдік.
Баланың қылығы , әдеті, іс - әрекеті әр үйелменнің айнасындай. Бала көргенін қайталайды, яғни үйдегі тәрбие баланың әдетіне өз таңбасын салып отырады. Мысалы, баланың тоңмойын, қыңырлығы уйелмендегі тым қаталдық, мейірімсіздіктің ізі болса, тәкаппарлық мінез баланы шектен тыс еркелетіп, шолжаңдатудың нәтижесі емей немене ? Оған ата – ана тарапынан бақылаусыздық қосылғанда баланың тәртіпсіз, “қиын” атануы оп – оңай.
Еркелетудудің де жөні бар. Кейбір ата – ана “немеремнің алды, кенжем немесе тұлабойы тұнғышым еді” деп баланың айтқанының бәрін орындап, шектен тыс еркелетіп жібереді. Шектен тыс еркелеп өскен бала ешкімнің айтқанына көнбейд”, ата – анасының өзін тыңдамайды, еңбекке мойыны жар бермейді, тіпті сабаққа онша құлқы соқпайды. Ондай бала тек өз ойының ғана іске асуын көздеп, біртіндеп өзімшіл, өркөкірек болып өседі. Мұндай жақсы көрудің өзі баланың дұрыс тәрбиеленуіне зиянын келтіреді. Бұл кейін баланы да, тәрбиелеген ата – анасын да әртүрлі әбігерге салады.
Кейбір ата – ана баланы әлі жас қой, есі кіргенде өзі жөнделіп алады ғой деп тәрбиені кейінге қалдырады. Сөйтіп жүріп баланы еркіне жіберіп, уысынан шығарыпалғанын байқамай қалады. Мұндай жағдайда ата- ана бала өзіне - өзі келіп, тәрбие ырқына көнбей бара жатқанда ғана өкінеді.
Барлап қарасақ, тіпті жөргектегі сәбидің өзіне де тәрбие керек екен. Уақтысымен тамақтандырып, уақтысымен ұйықтатылған нәресте сол мерзімге дағдыланады да, мезгілсіз жыламайтын болады. Ал, керісінше, үнемі көтеріп жүрсе бала қолдан тастамай көтеруді талап етіп шырылдайтынды шығарады.
“Тәйт ” деген тыю естімей, бетімен кеткен бала көбіне өзімшіл өркөкірек, үлкенді ата – ананы сыйламайтын тілазар, әлі келгенді жәбірлеуге бейім тұратын содыр, жан қинап еңбек ету орнына оңай олжа табуды артық көретін арамтамақ болып өсетіні жөнінде өмірде кездесіп жүрген осындай мысалдалдар аз емес.
Бұл айтылғандардан әсте “баланы еркелетпеу керек” деген ұғым тумайды. Баланы жақсы көру, еркелету де әкелік, аналық мейірімге тән табиғи мінез. Бірақ еркелету деген баланың ыңғайымен жүру, қисық – қыңырына да көне беру деген сөз емес. Жақсы тәрбиенің әліппесі – баланы әрбір шалыс, ағат қадамнан оң жолға, өнегелі жолға бұрып отыру болса керек.