Размер шрифта:
↑Наверх
Телефон доверия
8 (7182)650607
Мекенжайы: Павлодар қ., Майра көшесі, 41/1 үй 8(7182)655540-басшы 8(7182)650609-хатшы 8(7182)650611-есепші 8(7182)526096-вахта
Back to the main page of the department of education
График приема граждан:
Сәрсенбі, жұма күндері, сағ.16.00-18.00
In a year0
In a month0
In a week0
Yesterday0
Ойын түрлері

1. «Ақшамшық»

(сақина салу) - қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан дәстүрлі ойыны. Оны халық арасында «Сақина салу», «Сақина тастау» деп те айтады. Ойынға он-он бес адам қатысып, ортаға бір жігітті немесе бір қызды шығарып, қолына сақина ұстатады. Ойын ережесі бойынша қыз-жігіттер үйде дөңгелене отырып, екі алақанын бір-біріне қабыстырып алға созады. Ойынды жүргізуші алақанындағы сақинаны кімге салса да өз еркі. Ол адамдардың барлығының алақанына сақина салған болып шығады да дауыстап: «Тұр сақинам, тұр» деп немесе «Ақшамшығымды бер!» деп дауыстайды. Сол сәт сақина тасталған адам «Сақина менде!» деп орнынан тез тұруы керек. Оны көршісі ұстай алмай қалса, жұрт алдында өз өнерін көрсетеді.

2. «Теңге алу».

Жерде жатқан теңгені атпен шауып келе жатып іліп алу - үлкен ептілікті, ат құлағында ойнайтын шабандоздық тәжірибені қажет етеді. Теңгені жерден іліп алғандарға бәйге беріледі. Бұрындары қазақ жігіттері атпен шауып келе жатып, қолындағы қылышымен жерде жатқан тезекті түйреп алып, көкке лақ­тырып жіберіп, оны жалма-жан қылышымен екіге шауып түсіретін болған.

3.«Қыз қуу».

Бұл - ұлттық ат спорты ойыны. Қыз қуу жарысында атқа мінген жігіт атпен шауып бара жатқан қызды қуып жетіп, оның бетінен сүюі керек. Бұл - жігіттің жеңгені. Қуып жете алмаса, қайыра шапқанда қыз жігіт пен оның атын қамшының астына алады. Бұл - қыздың жеңгені. Қазір бұл ойынның ережесі жасалып, бір жүйеге келтірілді. Қазақстанда алғаш қыз қуу спорттық жарыс ретінде 1923 жылы өткізілді. Содан бері оқта-текте мерекелік бағдарламаларға енгізіліп келеді.

4. «Көкпар».

 Ұлттық ат ойыны. Этнографтардың айтуынша, әуелгі атауы «көк бөрі» сөзінен шыққан. Бұрындары мал баққан көшпелі қазақ көк бөріні соғып алғанда, өлігін ат үстінде сүйреп, бірінен бірі ала қашып, өздерінше ойынның бір түрін ойлап тапқан. Уақыт өте келе көкпар ұлттық ойынға айналған. Көкпар - әсіресе, қазақтардың, Орта Азия халықтарының сүйікті ойыны. Бұл ойын - жаппай тартыс және дода тартыс болып екіге бөлінеді. 1949 жылы елімізде көкпар жарысының жаңа ережесі бекітілді. Әдетте, көкпарда басы кесілген серке тартылады.

 

 

 

5. «Күміс ілу»

(жүзік ілу). Бұл ойын ептілікті, атқа жақсы отыруды талап етеді. Келін түсіру, қыз ұзату салтанатында қалыңдық орамалға түйіп, өзінің күміс шолпысын, әйтпесе жүзігін тастайды. Сондықтан да кей аймақта бұл ойынды «жүзік ілу» деп атайды. Қатты шауып келе жатқан шабандоз жігіт ат екпінін бәсеңдетпеспен, әлгі орамалды іліп алып кетуі керек. Сонда оған беташар айтуға рұқсат беріледі. Осылайша қазақ жігіттері өзінің ептілігі мен шеберлігін «Күміс алу» сайысында дәлелдей білген. Бір таңданарлығы, Орта Азияға жорық кезінде Александр Македонскийді халқымыздың жүзік алу сайысы ерекше таңғалдырған екен. Тарихшылардың айтуынша, Күміс алу ойынын көрген Македонский: «Атты жауынгер үшін қажетті нағыз дайындық міне - осы!» деп таң-тамаша болыпты.

6. «Бәйге».

Бұл жарыстың бірнеше түрі бар. Олар: аламан бәйге, тай жарыс, құнан бәйге, топ бәйге. Бәйге жарысы, негізінен, жазық жерлерде өткізіледі. Көмбеге алғаш озып келген шабандоз жеңімпаз атанып, сыйлыққа ие болады.

7. «Асық ойыны».

Бұл - балалардың ежелгі спорттық ойыны. Тақыр алаңға көлденеңінен түзу сызық сызады да, соны бойлай тігілген кенейді кезектесіп сақамен ату арқылы мергендік сынасады. Асық ойынының үш табан, бір табан, шығу, шеңбер секілді бірқатар түрлері бар. Ертеде қазақтың қыз-келіншектері де асық ойнаған. Олар ойнаған асық ойындары қора хан, құмар, т.б. аталған. Асықтың «Хан талапай», «Төрт асық», «Атпақыл», «Қақпақыл», «Омпы», «Сасыр» секілді түрлері де бар.

 

8. «Ақсүйек».

 Қыз-бозбалалар ойыны. Жазғы айлы түнде ойнаған. Әдетте, қойдың жілігі немесе жауырыны, жамбасы пайдаланылған. Ойын жүргізуші ойыншыларды екі топқа бөледі. Сөйтіп, алдын ала әзірленген сүйекке белгі салып алған соң, оны алысырақ барып лақтырады. Кейде екі топтың мүшелері кезектесіп те лақтырады. Ойынға қатысушылар ақсүйекті іздеп табуы тиіс. Ақсүйекті тапқан ойыншы ешкімге білдірмей, оны көмбеге жеткізуі тиіс. Ал мұны қарсыластары біліп қойса, қолма-қол тартып алуға тырысады. Сондықтан ақсүйекті тауып алған топтың ойыншылары біріне-бірі лақтырып, көмбеге қай топ бұрын жеткізсе, сол топ жүлдегер атанады. Зеректікке, ептілік пен икемділікке баулиды.