Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша бағыт-бағдар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша биылғы 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Конституциялық реформа – Президенттің наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асыру үшін қолға алынған маңызды іс-шара. Конституциялық түзетулер жобасы азаматтардың сұранысына негізделген және бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылмақ. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасын белгілі заңгер-құқықтанушылар және конституциялық құқық саласының мамандары әзірледі. Оған Конституциялық Кеңес оң бағасын берді. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың бәрі өзара байланысты және бір мақсатты көздейді. Атап айтқанда, мынадай үдерістерге құқықтық негіз қалыптастыруға арналған: Суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу; Бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту; Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру. «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы республикалық баспасөзде 6 мамыр күні ресми түрде жарияланды. Конституцияның қазіргі және жаңа нұсқаларының айырмашылығын түсіну, ұсынылып отырған көптеген түзетудің байыбына бару мұндай істен хабары аз адам үшін қиындық туғызатыны анық. Сондықтан жұртқа ұғынықты болу үшін бұл түзетулер Ата Заңның нақты баптары мен тармақтары көрсетілген бірнеше бөлікке бөлінген. Суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастың тепе-теңдігін және оңтайлы болуын қалыптастырады. Сондай-ақ президенттік институттың барынша дербес болуын қамтамасыз етеді.
Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша бағыт-бағдар.