«Әлеуметтік әмиян» жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 82-тармағын орындау мақсатында жүзеге асырылуда.
Аталған жоба азаматтардың мемлекеттік қолдау шараларын алуын жеңілдетуге бағытталған. Қазіргі таңда әлеуметтік осал топтарға жататын 1–4 сынып оқушылары мен 5–11 сыныптағы көпбалалы отбасылардың балаларына тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету жобасы іске асырылып жатыр. Ата-ана E-gov mobile қосымшасы арқылы өз баласына арналған тегін ыстық тамақ ваучерін белсендіре алады.
Ата-аналарға арналған ваучерді белсендіру алгоритмі:
Ата-аналар смартфонға E-gov mobile мобильді қосымшасын жүктеп, орнатуы қажет.
Қосымшадағы «Әлеуметтік эмиян» – «Ыстық тамақ» бөлімін тауып, баласының атына ваучерді активтендіру керек.
Ваучерді активтендіргеннен кейін, әр балаға қосымшада бірегей QR-код беріледі. Бұл кодты балаға жіберу қажет (егер бала смартфон пайдаланса – телефонға, пайдаланбаса – қағазға шығарып беру арқылы).
Жоба екі құрал арқылы іске асырылады:
700-ден астам оқушысы бар мектептерге аппараттық-бағдарламалық кешен (АБК) орнатылады. Балалар асханаға баруын мектептен берілген пластикалық карта арқылы немесе оқушыларға арналған тегін жол жүруге арналған Avtobys көлік картасы арқылы тіркей алады.
700-ден аз оқушысы бар ауылдық мектептерге арналған тегін «Бизнес әмиян» мобильді қосымшасы қолданылады. Мұнда бала QR-кодты сканерлеу арқылы тіркеледі.
Анықтама үшін:
Бүгінгі таңда 102 мектепке АБК орнатылған, оның ішінде 68-і қалалық, 34-і аудандық мектептер. Ал «Бизнес әмиян» қосымшасына 239 мектеп толық қосылған.
Осылайша, ата-аналар күн сайын баласының тамақтанғаны туралы хабарлама алып отырады. Балалардың тамағына ақы білім беру бөлімдері нақты тұтыну фактісі бойынша төлейді. Бұл бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.
«Әлеуметтік әмиян» жобасы
