Бастауыш сынып оқушыларына дұрыс тамақтану негіздерін қалыптастыру және қанттың адам ағзасына әсері туралы білімдерін арттыру мақсатында мектепте танымдық «Өнімдердегі жасырын қант» атты іс-шара өткізілді.
Іс-шара барысында 1–4 сынып оқушылары қант тек кәмпиттер мен тәттілерде ғана емес, сонымен қатар йогурт, шырын, тұздықтар, нан-тоқаш өнімдері сияқты күтпеген тағамдарда да болатынын білді. Балалар «қант қайда жасырынып тұр?» атты қызықты ойынға белсене қатысып, әртүрлі тағамдар мен сусындардағы қант мөлшерін салыстырды.
Балаларға өнім жапсырмасын оқып үйренудің маңыздылығы, сондай-ақ құрамында қант бар басқа атауларды – глюкоза, фруктоза, мальтоза, сироп және т.б. тану жолдары түсіндірілді.
Іс-шара соңында оқушылар тәттіні шектеп, зиянды тағамдардың орнына пайдалы тағамдарды тұтынудың және салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы туралы қорытынды жасады.
Іс-шара қызықты әрі достық атмосферада өтті, балалардың қызығушылығын тудырды және олардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауына алғашқы қадам болды.




