Мұғалімдер мерекесі қарсаңында «Дублер күні» өтті.
Мектептегі өзін-өзі басқару қызметін жандандыру, жеке тұлғаның көшбасшылық қасиеттерін ашу және Мұғалімдер мерекесі қарсаңында Мұхтар Әуезов атындағы мектепте білім алушылардың ұйымдастырушылық қабілеттерін іске асыру мақсатында «Дублер күні» өтті.
Жоғары сынып оқушылары дублер рөліне жауапкершілікпен қарады: күнібұрын ғана функционалдық міндеттерді бөліп, пән мұғалімдерімен сабақтар мен мерекелік іс-шаралар жоспарын талқылады.
Оқушылардың өзін-өзі басқару активі таңертеңнен бастап мектепте мерекелік көңіл-күй қалыптастырып, педагогтерге қол шапалақтап, әдемі безендірілген фойеде музыкамен қарсы алды. Алғыс, ілтипат, құттықтау сөздері барлық тараптан сүйікті мұғалімдердің атына таратылды.
Бұл күні жоғары сынып оқушылары өздерін педагог ретінде сынап көрді. Сыныптарда жұмыс қарқынды жүрді, балалар өз тәлімгерлерінің тапсырмаларын шынайы қызығушылықпен орындады. Мектеп оқытушылары оқу процесін сырттан бақылап, қажет болған жағдайда қолдау көрсетті.
Мереке мұғалімдердің құрметіне «Сізге алғыс білдірген жанымның бір бөлігі» атты концертпен аяқталды.