«Үлкенге-құрмет, кішіге –ізет!»
Осындай ұранмен № 32 мектепте қарттар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Жыл сайын бұл мерекеге үлкен мән беретін мектеп әкімшілігі биыл да қарттарға арнап дастархан жайып, оқушылардың күшімен ұйымдастырылған концерт қойып берді. Мерекеге арнайы шақырылған қонақтар үшін «Әжелер сайысы» тосын сый болды. Сайысқа қатысушылар алдын-ала іріктеліп, дайындық жұмыстары жүргізілген болатын. Сайысқа қатысқан 5 әженің көрсеткен өнерлеріне тәнті болған көрермендер шексіз риза болды. Сайыстың шарттары бойынша, өздерін таныстырған сайыскерлер ән айтып, өлең оқу, ұршық иіріп, мақалдар айтуда жарысу, ою-өрнек қиып, ұлттық тағам дайындау, ұлттық билерді нақышына келтіріп билеуде бір-бірінен асып түсті. Қосымша қойылған сұрақтарға ойлы да, орамды жауап айтқан әжелеріміз мереке соңында ақ баталарын беріп, аналық ризашылықтарын білдірді. Сайыс болған соң, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шығатыны белгілі, сайыста озып шыққан Айым әженің асығы алшысынан түсіп, жеңімпаз атанды. Айым әжеміз бас бәйгеге бағалы сыйлық пен кент әкімінің алғыс хатын алса, қалған қатысушылар әртүрлі номинациялар бойынша сыйлықтарға ие болды. Бір сәт болса да көңілдерін көтерген апа-аталарымыз мерекені ұйымдастырып отырған мектеп әкімшілігіне алғыстарын жаудырды. Қиын да, күрделі бала тәрбиесімен, оқуымен айналысып жүрген мектеп мұғалімдер ұжымы мұндай іс-шараға жауапкершілікпен қарап, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттауда қолдарынан келгенін аямайтындықтарын көрсетті.
Жайдақбаева Р.Қ.