Бүгін абайтану курсы бойынша «Абайтану ғылымының қалыптасуы» тақырыбында "Дөңгелек үстел" сабағы өтті. Сабақтың кіріспесінде оқушыларға абайтанудың қазақ әдебиеттану ғылымының үлкен бір саласы екендігі, оның ақын өмірі мен шығармашылығын, ойшылдық, қоғамдық-саяси көзқарастарын, өлең жүйесін, ақындық тілді дамытудағы рөлін, сазгерлік мұрасы туралы еңбектерін қамтитындығы туралы түсіндірілді. Сонымен бірге ғалым М.Мырзахметұлының абайтану тарихын үш кезеңге: 1-кезең: 1889-1934 жж.; 2-кезең: 1934-1961 жж.; 3-кезең: 1961 жылдан бастап тәуелсіздік жылдары деп бөлгендігі айтылды.
Абайтану туралы алғашқы ой-пікірлер Әлихан Бөкейхановтың 1905 жылғы «Абай Құнанбаев», Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған "Абай - қазақтың бас ақыны", Міржақып Дулатұлының 1914 жылы «Қазақ» газетінде шыққан «Абай», Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтің 1918 жылы «Абай» журналында басылған "Абайдың өнері һәм қызметі" атты мақалаларынан басталатындығы туралы мағлұматтар берілді.
Сондай-ақ Абайд ың әдеби ортасын зерттеген Ә.Жиреншин, Абайдың қазақ әдебиетіндегі жаңашылдық деңгейін Қ.Жұбанов, қазақ поэзиясы мен Абай шығармаларының тілін салыстыра зерттеген Қ.Жұмалиев, ал абайтану ғылымының негізін қалаған М.Әуезов екендігі түсіндіріліп, бекіту сұрақтары арқылы түйінделді.
Сабақтың екінші кезеңі топтық жұмыстармен жалғасты. Үйде дайындалып келген сұрақтар бойынша екі топ өзара сынға түсті. Тапсырмалар конвертке салынып, қарсы топқа ұсынылды. Жауап ауызша да, жазбаша да орындалды. Орындауға 10-15 минут уақыт бөлінді. Конвертке салынған сұрақтарға жауап берілді, екі топ бір-біріне сұрақтар қойды, дұрыс-бұрысын сұрақ беруші топ өздері анықтады. Соңында жоғары деп танылған «Ақындар» тобы марапатталды.
Сабақты жүргізген:
Қ.М. Абдуллаева