Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепте «Балалар таланттарының елі» шығармашылық күні өтті
12 маусым күні Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепте «Балалар таланттарының елі» атты шығармашылық күні жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іс-шараға 240 оқушы қатысып, өздерінің өнері мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Мерекенің арнайы қонағы ретінде «Ирбис» телеарнасының түсірілім тобы шақырылды. Олар шараның қызықты сәттерін түсіріп, қатысушылармен сұхбат жүргізді.
Шығармашылық күні үш алаң бойынша өткізілді. Бірінші алаңда оқушылар ән айтып, би билеп, түрлі шығармашылық нөмірлерін ұсынды. Екінші алаңда балалар түрлі-түсті бормен жерге әсем суреттер салып, өз қиялдарын бейнеледі. Ал үшінші алаңда қатысушылар пластилиннен ертегі кейіпкерлерін мүсіндеп, қолөнер шеберліктерін көрсетті.
Әр алаңда балалар ерекше белсенділік танытып, өз таланттарын паш етті. Қатысушылар бір-бірінің жұмыстарымен танысып, жақсы әсер алды. Шара барысында достық пен шығармашылық атмосферасы қалыптасты. «Балалар таланттарының елі» шығармашылық күні оқушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, олардың өнерге деген қызығушылығын арттырды. Бұл мереке мектеп өміріндегі есте қаларлық жарқын оқиғалардың біріне айналды.
