Театр мен киноға бару балалар үшін тек көңіл көтеру ғана емес, тәрбиелік мәні зор, мазмұнды шара болды. Қойылымдар мен фильмдердің мазмұнын зейін қойып тамашалаған олар Отанға деген сүйіспеншілік, ел тарихына құрмет және ел болашағына деген жауапкершілік секілді маңызды құндылықтарды жүректерімен сезінді.
Әсіресе театр қойылымдары ерекше қызығушылық тудырды. Спектакльден кейін лагерь тәрбиеленушілері әртістермен тілдесіп, сахна артындағы өмірмен танысты, театр өнерінің қалай туындайтынын білді. Бұл сәттер көптеген балалар үшін жаңалық болып, оларды шабыттандырды.
Осындай іс-шаралар өсіп келе жатқан ұрпақтың патриоттық және мәдени тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Олар балалардың мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттырып қана қоймай, өнерге, ел тарихына және ұлттық дәстүрлерге деген қызығушылығын оятады.
«Балауса» лагерінде Мемлекеттік рәміздер күні мазмұнды да мағыналы өтті. Бұл күн балалар үшін білім мен шабыт, шығармашылық пен Отанға деген сүйіспеншілікке толы жарқын мерекеге айналды.
