Біздің мектебімізде жазушы, ғалым және қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына арналған естелік қабырғаның салтанатты ашылуы өтті. Білім ордамыз оның есімін зор мақтанышпен алып жүр.
Іс-шараның құрметті қонақтары ретінде мектебіміздің педагогикалық еңбек ардагерлері мен Усолка шағынауданының Ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.
Жиналған қауымға құттықтау сөзбен мектеп басшысы Топанова Г.Т. сөз сөйледі. Ол Мұхтар Әуезовтің естелік қабырғасын жасау идеясының кезең-кезеңімен қалай жүзеге асқанын әңгімелеп, шығармашылығы ұлттық қазынаға айналған тұлғаға арналған бұл бірегей кеңістікті құруға қаншама еңбек, уақыт, шабыт пен білім жұмсалғанын атап өтті. Аталған кеңістік рухани және мәдени ағартудың орталығына айналды.
Жоба авторларының шығармашылық көзқарасының арқасында біз бүгін Әуезовті заманауи интерпретацияда көріп отырмыз. Интерактивті стенд оқушыларға Алматы қаласындағы М. Әуезовтің әдеби-мемориалдық үй-музейіне виртуалды түрде саяхат жасап, оның өмір жолының кезеңдерімен және «Абай жолы» эпопеясын қоса алғанда, шығармаларымен танысуға мүмкіндік береді.
Естелік қабырғаны жасаушыларға арналған жылы лебізді Усолка шағынауданы Ардагерлер кеңесінің төрайымы Каирбаева З.Б. білдіріп, бұл жобаның оқушылардың білім көкжиегін кеңейтудегі маңыздылығын атап өтті.
Салтанатты сәттердің бірі — лентаны қиып ашу рәсімі болды. Бұл — мектеп оқушылары үшін Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы әлеміне ашылған есіктің символы. Шара барысында оқушылар жазушының шығармаларынан үзінділер оқып, экскурсовод рөлін атқарды.
Біздің мектебіміз Мұхтар Әуезовтің есімін зор мақтанышпен алып жүр, ал естелік қабырғаның ашылуы оның рухани мұрасын келер ұрпаққа сақтап, жеткізудегі тағы бір маңызды қадам болды.
