21 сәуір күні М. Әуезов атындағы ЖОББМ 2–7 және 8–11 сынып оқушылары арасында зерттеу жобалары бойынша «Мектеп жобасынан ғылыми жаңалыққа дейін» атты IV жыл сайынғы ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл іс-шара оқушылардың ғылыми әлеуетін, шығармашылық қабілетін және білімге деген ұмтылысын көрсетуге арналған маңызды алаң болды.
Құрметті қонақтар мен сарапшылар ретінде Павлодар қаласы ИнЕУ ғылыми жетекшілері шақырылды. Сондай-ақ конференцияға Павлодар қаласындағы №5, №6 және №43 мектептердің оқушылары қатысып, әртүрлі бағыттар бойынша қызықты әрі мазмұнды жұмыстарын ұсынды.
Салтанатты бөлімді мектеп басшысы А.Т. Сачанов ашты. Одан кейін техника ғылымдарының кандидаты, ИнЕУ-дің қауымдастырылған профессоры, аға оқытушы Асамбаев А.Ж. сөз сөйлеп, мұндай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.
Конференцияның модераторы Мусалимова С.Ж. болып, жұмыстың жүйелі ұйымдастырылуы мен нәтижелі өтуін қамтамасыз етті.
Конференция қорытындысы бойынша үздік зерттеу жобалары анықталып, олардың авторлары жеңімпаз дипломдарымен марапатталды.
