Павлодар қаласында тұратын Марк Трынов – сырт көзге қарапайым ғана оқушы. Қаладағы №8 лицейде білім алады. Алайда оны қатарластарынан ерекшелейтін қасиет бар – бала күнінен авиация әлеміне деген ерекше қызығушылығы. Ол жеті жасынан бері авиамоделизммен айналысып келеді.
Бүгінде Марк Павлодар қаласындағы Балалар техникалық мектебінің тәрбиеленушісі. Үйірмеге қатысып жүргеніне төрт жыл болды. Алғаш үйірмеге келгенде-ақ ол жаңа білімді тез меңгеріп, аэродинамика негіздерін, әртүрлі құрал-саймандармен жұмыс істеу тәсілдерін, материалдарды өңдеу ерекшеліктерін, қозғалтқыштардың жұмыс принциптерін қызығушылықпен игере бастады. Қарапайым ұшатын модельдерден бастап, кейін пенопласт пен ағаштан күрделірек үлгілерді құрастыру барысында Марк шыдамдылық, ұқыптылық пен мақсаткерлік танытты.
2022 жылы ол павлодарлық авиамоделистер құрамасының сапында республикалық жарыстарға қатысып, S6 зымыран үлгілері және F1H планерлері санаттары бойынша сынға түсті. Команда жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болса, Марк жеке есепте қола жүлдені еншіледі. Сол жарыста ол ең жас қатысушы ретінде де ерекше аталды.
«Алматыға барып, жарысқа қатысқаным маған үлкен әсер қалдырды. Бұл – ұстазымнан үйренгенімнің нәтижесін көрген сәт. Алдағы уақытта шеберлігімді арттырып, биік белестерді бағындырғым келеді», – дейді жас авиамоделист.
Жас спортшының жетістіктері мұнымен шектелмейді. 2023 жылы «Ұлы өнертабыстарға алғашқы қадам» байқауының облыстық кезеңінде «Авиация» бағыты бойынша бірінші орынды жеңіп алды. 2024 жылы Қазақстан Республикасы оқушыларының XII гимнадасында S-6 санатында екінші орын иеленді. 2025 жылы республикалық техникалық шығармашылық байқауында S-9-A «ротошют» номинациясы бойынша күміс жүлдегер атанды. Ал 2026 жылдың қаңтарында «AITU KazRoboDrone 3.0» халықаралық байқауының облыстық кезеңінде F-1-N планерлері санатында тағы да екінші орынға қол жеткізді.
Қазір Марк алдағы республикалық деңгейде өтетін «AITU KazRoboDrone 3.0» дронрейсинг және авиамоделдеу байқауына дайындалып жатыр. Байқау 19–20 ақпан күндері Астана қаласында өтпек. Болашақта ол авиация саласында кәсіби маман атанып, ел намысын қорғауды армандайды.
Марк Трыновтың табандылыққа толы жолы – еңбек пен ынтаның, ұстаз бен шәкірт арасындағы сенімнің жемісі. Осындай талапты балалар – еліміздің жарқын болашағының айқын көрінісі.
