Ата-аналарына балалар көп сұрақтар қояды. 5 жасар баланың сұрақтары үлкендермен кәдімгідей байсалды әңгімелесуге бағытталады. Олар қойған сұрақтардың жауабы көп жағдайда айқын болады. Дегенмен де, сұрақтары жаңа ақпарат алуға, бірдеңені білуге деген танымдық қызығушылықтан туындауы жиі кездеседі. 4-5 жастағы балалардың сұрақтары мен хабарламалары заттар мен құбылыстар арасындағы байланыстарды түсінгендігін үлкендерге көрсетуге бағытталады.
Үлкендермен сенімді қарым-қатынас орнатуға деген қажеттілік туындап, олардың сезімдік жай-күйін сезу қабілеттері дамиды. Үлкендермен қарым-қатынас жасаудың жаңа түрі - әуелі, танып-білуге негізделген іс-әрекеттермен (мысалы, ойындарды, заттар мен ойыншықтарға тәжірибе жасауды, табиғи материалдар мен қағаздардан құрастыруды және т.б.) қатар танымдық тақырыптағы әңгімелесу – пайда болып, дамиды.
Балалардың үлкендермен қатынас жасау барысына қанағаттанбауы үлкендер мен балалар арасында салқындық тудыруы мүмкін. Кейбір балалар тұйықталып, өз-өзімен болып кетсе, екіншілері мазасызданып, кез-келген нәрсеге жылай салатын болады, ал енді біреуі қыңырланып, теріс мінез көрсетеді.
5 жасқа қарай баланың өз құрдастарымен араласуға деген қажеттілігі күшейе түседі. Бірлесіп ойнау негізінде балалар қоғамы пайда болады. Сонымен қатар бала құрдастары арасындағы өзінің орнын сезіне бастайды. Сыпайы сәлемдесу және қоштасу, досын есімімен атау, адамның қызметі мен рөлі бойынша қатынас жасау сияқты (Жүргізуші, дөңгелегіңіздің желі шығып кетті. Дәрігер, ол ауырып тұр.) қарым-қатынас жасау дағдылары дамиды. Үлкендермен, өз құрдастарымен қарым-қатынас жасау балалардың өзіндік «Менін» тануға мүмкіндік береді. Осындай қарым-қатынас кезінде ғана «Мен» бейнесі қалыптасады. Бала үлкендермен, құрдастарымен жақсы араласып, олар тарапынан қолдау тауып отырған жағдайда ғана жүргізілетін тәрбие жұмысы нәтижелі болады. Бала өсе келе онымен бірге өзі айтқан сөздер мен атқарған іс-әрекеттеріне, өз мүмкіндіктері мен әртүрлі деңгейдегі жетістіктеріне (ойындағы, сурет салудағы, музыкадағы, сахналық көріністердегі, т.б.) дұрыс баға беру мүмкіндігі де артады.
Бес жасқа қарай бала өз іс-әрекетінің өзгеге, өзіне қалай әсер ететінін байқайды. «Егер мен жаман іс-әрекет жасасам, өзіме де өзгеге де қиын болады. Ал мен жақсы қылық көрсетсем, өзіме де, оған да жақсы болады» деген ойды түсіне бастайды. Баланың қызығушылығы мен бағалау құндылықтары қалыптасып, ұл мен қызға тән өзіндік ерекшелігі бар іс-әрекеттерді жасауға бейімделеді, соны жасайды (мысалы, қыздар қуыршақпен, ұлдар машинамен ойнау).
Көркем шығарманы қабылдауы мен музыкаға ықыласының, қиялының, қызығушылығы мен білуге құштарлығының күрт артуы байқалады. Бұл баланың қабілеті мен талантын анықтауға мүмкіндік береді.
Бес жасқа қарай өзара қарым-қатынасы қалыптасып, топтық ынтымақтастықты едәуір сыни тұрғыдан бағалай алады, балаларда достар пайда болады
Бес жасар бала ұзақ әңгімелерді, түсініктемелерді жақсы қабылдай алады. Сонымен қатар бұл кезде балада заттық-таңбалық қабылдау қызметі қалыптасады (әріптер мен сандарға қызығушылық).
Бес жасқа қарай баланың зейіні едәуір тұрақтала түседі, өз бетімен есте сақтау қабілеті пайда болады, қабылдау мен қиялы жетіледі, көрнекті-бейнелі ойлаудың түрлері: пікір айту, ой тұжырымын жасау іскерлігі дамиды. Түрлі пікірлер мен пайымдауларын, ақпараттарды жеткізудің құралы есебінде тілдің қызметі күшейе түседі. Тәжірибе мен зерттеу, бақылау әрекеттерімен қатар, баланың дүниетанымын кеңейтуде әңгімелеудің рөлі артады.
Бес жасқа қарай балада аяушылық сезімі пайда болады. Ертегі кейіпкерлеріне жаны ашиды, сол арқылы адамның да түрлі сезімдерін түсініп, жанашырлық таныту сезімдері пайда болады.
Мектепке дейінгі кіші жастағы (бес жасқа қараған) балалардың «жеке тұлғалық психологиялық портреті» қалыптасып, интеллектуалдық қызығушылығы артып (бұл «негештер» кезеңі), құзіреттілік пен креативтілік кезеңі туады.
Бес жасар баланың ынталылығы түрлі ойындарды таңдау, үлкендер мен құрдастарына сұрақ қою мен ұсыныс жасау, өздігінше тиімді әрекеттерді ұйымдастыру мен жүзеге асыруға ерекше белсенділік танытуы арқылы пайда болады.
Бұл жастағы баланың өз бетінше (дара) әрекет етуі өзіне қызмет етудің қарапайым түрлері (киіну, шешіну, жуыну және т.б.), жекелеген тапсырмаларды орындауы (асханада кезекшілік ету, өсімдіктер мен жануарларды күтіп-баптау), өз еріктерімен ойнайтын орта қалыптастыруы, меңгерген білімдері мен түрлі тиімді әрекеттері арқылы көрінеді.
Бес жасар баланың еркіндігі оның өз қөзқарасын қорғау, өзі қалаған нәрсені алуы, өзі ұнатқан баламен ойнауы сияқты тәуелсіз әрекеттері арқылы байқалады. Еркіндік сезімі балаға ашық, өз ойын, сезімін қысылмай жеткізу мүмкіндігін береді.
5-6 жастағы балалардың жас ерекшелігі